Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:34, 18 Наурыз 2022

Ресейдің шектеуі – сауданың соры

None
None

Өткен аптада Ресей өз елінен бидай, қант, басқа да бірнеше тауар түрін экспорттауға шектеу қойды.

Бұл осы мемлекеттің нарығына түбегейлі тәуелді боп отырған Қазақстанға соққы боп тиді. Сауда сөрелеріндегі қант пен ұнның бағасы бірден шарықтап шыға келді. Қымбаттағаны былай тұрсын, жұрт әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кіретін бұл өнімдерді таппай қалды.

Ресейдің шектеуге қатысты шешімі іргелес жатқан Павлодар облысына айрықша әсер етті. Себебі бұған дейін ұн тарту орындары бір жылда өңделетін 600 мың тонна бидайдың әр тоннасын 114 мың теңгеден көршілес мемлекеттен сатып алып келген еді. Енді павлодарлық диірмендер шикізатсыз қалды. Кейбір астық өңдеу орындарында шикізаттың екі апталық қана қоры қалды. Ал 10-нан астам кәсіпорында мүлдем шикізат жоқ. Сондықтан оларға жұмысты уақытша тоқтатуға тура келді.

«Қазақстанның астық өңдеушілері» Одағының облыстағы өкілі Жанар Серімова мен басқа да бір топ кәсіпкер жағдайды реттеу үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды. Олар жаңа өнім жиналғанға дейін Қазақстанда өсірілген астықты сыртқа шығаруға тыйым салуды сұрап отыр. Әйтпегенде, бидайды мүлде көрмейтін түрі бар.

— Жергілікті органдардан алған дерек бойынша, былтыр Павлодар облысынан 550 мың тонна, жыл басынан бері 160 мың тонна бидай экспортталды. Ал біз өзге елден импорттауға мәжбүрміз. Себебі өңірдегі шаруашылықтар күзде жиналған өнімді отандастарына сатқысы жоқ. Оларға Орта Азия елдерінен келген трейлерлерге тиеп жіберген әлдеқайда тиімді. Соның салдарынан өзімізде өсірілген өнімді ала алмай, сыртқа тәуелді болып отырмыз. Қазақстандық бидайдың бір тоннасының бағасы ресейліктен едәуір қымбат болғанына қарамастан, яғни тоннасы 130 мың теңгеге жетсе де, сатып алуға дайынбыз. Бірақ қазір нарықта алатын шикізат та қалмай қалды. Бәрін сырттағы мемлекеттер талап алып жатыр. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнді деген сөз. Сондықтан отандық ұн тарту орындарын қамту үшін астықты экспорттауға шектеу қойғаны жөн, — дейді Жанар Серімова.

Еске сала кетейік, былтыр Павлодар облысының билігі «30 жылда алғаш рет 1 млн тоннадан астам астық жинадық» деп бөркін аспанға атып, сүйінші хабар таратқан еді. Бірақ сол 1 млн тоннаның игілігін жергілікті жұртшылық емес, басқа ел көріп отыр. Қазірдің өзінде Павлодар облысының дүкендерінде Өзбекстанның ұны мен макарон өнімдері отандық тауарларды ығыстыра бастады. Ал шенеуніктер бұған қатысты жұмған аузын ашпай отыр. Қазір тиісті шаралар қабылданбаса, жақын арада ішкі нарықта ұн тапшылығы туындауы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде сатушылар нан бағасының өсетінін сатушыларға ескертіп жатыр.

Баға демекші, демалыс күндері елдің сауда орындарында ұзын-сонар кезек болып, жұрт қант алуға «талас» жарысын ұйымдастырды. Себебі Ресей қантты да сатуға тыйым салды. Бұл жаңалықты естіген көпшілік даурығып, «Қант жетпей қалып жүрер» деп оны қап-қабымен алды. Мұны пайдаланған кей пысықай делдалдар бағаны бірден өсіріп жіберді. Мәселен, Павлодар облысында бұған дейін қанттың келісі 260-270 теңге аралығында болса, демалыс күндері кейбір дүкендерде 500 теңгеге дейін жетті. Ал осы тұста жергілікті басшылар қант зауытын салу жобасын бірнеше жыл бойы «жырлап» келеді. Бұл кәсіпорын әу бастағы жоспардағыдай 2021 жылы іске қосылса, сыртқы нарыққа деген тәуелділіктен арылып, қазіргідей тапшылық туындамас еді.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Өтешовтің айтуынша, бұған дейін инвесторды іздеу жұмыстары жасалды. Ол табылды да. Түркияның «Чалык Холдинг» компаниясы Ақсу қаласының аумағында 106 млрд теңгеге зауыт салатын болды. Мұнда жылына 152 мың тонна қант шығарылатын болады. Бірақ қай жылы екені әзірше, белгісіз. Кәсіпорынның жобалық-сметалық құжаттары әлі дайын емес. Сондықтан жобаның әлі де сағызша созылар түрі бар.

Ресейдің өнімдерді экспорттауға қатысты шектеу қоюы Қазақстанның 30 жыл ішінде өзіндік экономикасы қалыптаспағанын көрсетіп берді. Тәуелсіздік алғанмен әлі күнге дейін сыртқы саудаға тәуелді болып отырмыз. Бұдан күнделікті ас-суына бас қатырмайтын шенеуніктердің түгі кетпейді. Өнімдердің тапшылығы туындап, бағасы күрт қымбаттағанда қарапайым халық шарқ ұрады. Бірақ билікке бәрібір сияқты...

Тегтер: