Ресей 2026 жылдың басынан бері Украина энергетикасына 217 рет шабуыл жасаған
2026 жылдың басынан бері Ресей әскерлері Украина энергетика жүйесіне 217 рет соққы берген.
Бұл туралы энергетика саласындағы төтенше жағдай бойынша өткен жиынның қорытындысында Украина Премьер-министрі Юлия Свириденко мәлімдеді.
Украина Президенті Владимир Зеленский қазіргі таңда ең күрделі жағдай Киев пен Харьков қалаларында және олардың облыстарында, сондай-ақ Сумы мен Полтава облыстарында қалып отырғанын айтты.
«Орталық Украинаның өзге өңірлерінде де жағдай ауыр, соның ішінде Днепропетровск пен Черкассы облыстарында», – деді Зеленский.
Зеленскийдің айтуынша, Ресейдің бірінен кейін бірі жасалған соққыларынан кейін Киевтің бірнеше ауданында 1100-ден астам көпқабатты тұрғын үй әлі күнге дейін жылусыз отыр.
«Әрбір осындай үй бойынша жылуды қалпына келтіру мерзімі, тұрғындардың жылыну мүмкіндіктері және қажетті қолдау шаралары туралы нақты ақпарат болуы тиіс», – деп атап өтті ол.
Президент сондай-ақ қазір Украина астанасында 200-ден астам апаттық бригада жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Ал Энергетика министрлігі қызметкерлерді алмастырып жұмыс істеу (ротация) үшін бригадалар санын арттыруға уәде берген, себебі мамандар қатты шаршаған.
Зеленский Премьер-министрге ел бойынша азаматтарға көрсетілетін қосымша көмектің «қажетті көлемдері» жөнінде «нақты мәліметтерді» жедел түрде дайындауды тапсырды.
Юлия Свириденкoның айтуынша, энергетикалық дағдарысқа байланысты енгізілген жедел шаралар аясында 9000-нан астам жеке кәсіпкер апатты ажыратулар кезінде автономды жұмыс істеу үшін 15 мың гривнаға дейінгі біржолғы мемлекеттік көмекке өтініш берген.