Ресей 80 алматылықты алдап соққан күдіктіні Қазақстанға экстрадициялады
Ресей аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған Өзбекстан азаматын Қазақстанға экстрадициялады, - деп хабарлайды Бас прокуратура.
Күдікті 2005-2007 жылдар аралығында Алматы қаласындағы құрылыс мекемесінде есепші болып жұмыс істеп жүріп, үлестік құрылысқа қатысушылардан ақша алып, кассалық кіріс ордерлеріне бухгалтерлік есептерде көрсетілмеген жалған қолхат жазып берген.
«Оның әрекеті мен қылмысқа қатысты басқа да сыбайластарының салдарынан 80-нен астам Алматы тұрғыны зардап шегіп, 3,7 миллиард теңгеден астам шығын келтірген күдіктінің сыбайластарының бірі сотталып, ол қылмыс жасағаннан кейін қашып кеткен. Өткен жылдың желтоқсан айында іздеуде жүрген азамат Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде ұсталып, одан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтініші бойынша Қазақстанға экстрадицияланды», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған айып тағылып отырған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.