Ресей алғаш рет Украинаға қарсы «Герань-5» шабуылшы дрондарын қолданды
Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының (ГУР) мәліметінше, 2026 жылдың басында Украинаға қарсы жасалған біріккен әуе шабуылдары кезінде Ресей армиясы алғаш рет жаңа «Герань-5» соққы беруші ұшқышсыз аппаратын қолданған.
ГУР дерегіне сәйкес, «Герань-5» дронының ұзындығы шамамен 6 метр, қанаттары 5,5 метрге дейін, ал жауынгерлік бөлігінің салмағы 90 келіге жуық. Көрсетілген ұшу және соққы жасау қашықтығы шамамен 1000 шақырым.
Барлау материалдарында айтылғандай, жаңа дрон «Герань» желісіндегі алдыңғы үлгілерден аэродинамикалық тұрғыда өзгеше, «қарапайым аэродинамикалық схема» бойынша жасалған. Алайда негізгі тораптар мен компоненттердің едәуір бөлігі бұрынғы модельдермен біріздендірілген.
Атап айтқанда, «Герань-5» дронында:
- Raspberry Pi микрокомпьютері,
- 3G/4G-модемдерге негізделген 12 арналы «Комета» спутниктік навигация жүйесі,
- «Герань-3» дронында қолданылғанға ұқсас, бірақ күші жоғары Telefly реактив қозғалтқышы орнатылғаны айтылған.
ГУР мәлімдемесінде бұл дронды Ресейдің толықтай өз әзірлемесі деу қиын екені атап өтіледі.
«Алдыңғы “Герань” дрондарындағыдай, бұл аппаратты да Ресей Федерациясының дербес өнімі деп атау қиын. Оның Иранда жасалған Karrar дронымен айқын конструктивтік және технологиялық ұқсастығы бар», — дейді Украина барлауы.
Сонымен қатар ГУР дерегіне сүйенсек, Ресей «Герань-5»-ті авиация тасымалдаушыларынан, атап айтқанда Су-25 шабуылшы ұшақтарынан ұшыру нұсқаларын да пысықтап жатыр. Бұл дронның ұшу қашықтығын ұлғайтып, қолдану құнын төмендетуі мүмкін.
Бұдан бөлек, аппаратты Украина авиациясына қарсы қолдану үшін «әуе-әуе» типіндегі зымырандармен жарақтандыру мүмкіндігі де қарастырылып жатқан көрінеді.
ГУР хабарлауынша, қазір Украина мамандары қарсы тарап қолданған үлгілерді жан-жақты зерттеуге кіріскен. Конструкциясы, құрамдас бөлшектері мен электрондық база бойынша толық талдау жақын уақытта War&Sanctions порталының «Соққы құралдары» бөлімінде жарияланады. Әзірге «Герань-5» нақты қай жерде және қашан қолданылғаны айтылған жоқ.
Айта кетейік, Украина Қарулы күштері Әуе күштерінің күнделікті есептерінде көбіне Иранда жасалған Shahed дрондары мен «Гербера» аталады. Ал «Герань» атауы Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғалы бері сирек қолданылып келеді.
Алғаш рет «Герань-2» дроны 2022 жылғы 20 қыркүйекте аталған. Ол кезде Миколаев облысында «Иранда жасалған Shahed-136 (Ресейде — “Герань-2”)» атып түсірілгені хабарланған еді. Ол дронның жауынгерлік бөлігінің салмағы 50 кг, ұзындығы 3,5 м, қанаттары 2,5 м болған.
Ал Der Spiegel журналы 2025 жылдың соңында Ресей Украинаға қарсы соғыста жаңа, арзандатылған камикадзе-дронды қолдана бастағанын жазған. Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының (IISS) дрондар жөніндегі сарапшысы Фабиан Хинцтің айтуынша, бұл дронның ұшу қашықтығы қысқарақ (шамамен 1400 км) әрі жеңілдетілген жарылғыш бөлігі бар.
Материалда атап өтілгендей, «Герань-2» дрондары Ресейде Иран технологиясы негізінде жаппай өндіріліп жатыр. Ресей армиясы оларды шабуылдарда пайдаланып, Украина әуе қорғанысын қымбат әрі тапшы зениттік зымырандарды жұмсауға мәжбүрлейді.
Украина барлауының бағалауынша, бір «Герань-2» дронының өзіндік құны шамамен 60 мың АҚШ долларын (шамамен 52 мың еуро) құрайды. Ал Shahed-107 Қытайлық бөлшектер есебінен әлдеқайда арзан әрі тез өндіріледі.