Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:47

Ресей Арктикасындағы ең ірі жекеменшік жоба Назарбаевтың «әмиянымен» байланысы бар болуы мүмкін

Ким
Фото: Азаттық Радиосы

Ресейдің Қиыр Солтүстігі – Чукоткада триллион рубльден асатын ауқымды жоба салынып жатыр.

Бұл – Баимск мыс кен орнындағы алып кен байыту комбинаты. Кремль назарын ерекше аудартқан бұл құрылысқа Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын делінетін бизнес тобының қатысы болуы мүмкін. Бұл туралы Азаттықтың арнайы тергеу жобасы – “Система” анықтады.

Баимск жобасы деген не?

Баимск кен орны – әлемдегі ең ірі мыс қорларының бірі. Бұл аймақта – 400 шақырым жол, порт, қалқымалы атом станциясы сияқты жалпы 46 ірі нысан салынып жатыр. Жоба құны – 1,1 триллион рубль (шамамен $14 млрд). Бұл Ресей Арктикасындағы ең ірі жекеменшік құрылыс саналады. Жоба іске қосылғанда Ресейдің мыс өндіру көлемін 25%, алтын өндірісін 4% арттыру жоспарланған.

Ресми иесі кім?

2018 жылға дейін жоба Роман Абрамович пен оның серіктестеріне тиесілі болған. Кейін оны қазақстандық KAZ Minerals сатып алды. Алайда 2022 жылы басталған соғыс пен АҚШ санкцияларынан кейін жоба жабық фондқа өткізіліп, нақты иелері көрсетілмеген.

Назарбаев пен Владимир Ким
Фото: ашық дереккөз

Ал шын иесі кім болуы мүмкін?

“Система” зерттеушілерінің айтуынша, жоба – KAZ Minerals-тың негізгі акционері әрі Назарбаевқа жақын адам, кейде, "Назарбаевтың "әмияны" деп аталатын Владимир Киммен байланысы бар. Ким 2005 жылғы президент сайлауында Назарбаевтың штабында болған. Оның компаниялары Назарбаев пен оның туыстарының қорларын қаржыландырғаны туралы мәліметтер бар. Кей деректерде Ким "Назарбаевқа ұшақ алып берген болуы мүмкін" деген айыптаулар айтылды. Бірақ компания мұны жоққа шығарды. 

Зерттеу авторлары жобаға қатысқан менеджерлердің өмірбаянын зерттеп шыққан.

1) Баимск холдингінің жаңа басшысы — Елена Раскошная

2024 жылы дәл осы Раскошная холдингке, сондай-ақ оны иеленетін компанияларға бас директор болып тағайындалды.

Бірақ қызықты тұсы – ол бұл қызметке келгенге дейін Кимнің Алмател тобына кіретін компанияларда басшылық қызмет атқарған.

2) Жобаны басқаратын Георгий Фотин

2022 жылдан бері өзгермей отырған негізгі менеджер. Бұрын Мәскеудегі “Каз Минералз” компаниясын басқарған, Вице-премьер Юрий Трутневтің қарамағында істеген (Трутнев — Баимск жобасының кураторы).

Фотин жетекшілік ететін “Вега Развитие” компаниясы жобаның бас мердігері болған. Ол компания Дубайдағы Nord Rim DMCC фирмасына қарайды. Бұл компания, өз кезегінде, Владимир Кимнің банк құрылымдарымен байланысты.

Жоба Ресей билігінен ерекше артықшылықтар алған:

  • алғашқы бес жылға мүлік, пайда және жер салығы нөл;
  • ВЭБ госкорпорациясы жобаны қаржыландыру үшін 1 триллион рубль бөлуді жоспарлап отыр;
  • Росатом арнайы қалқымалы АЭС салып жатыр.

Яғни, жоба – Ресейдің стратегиялық мегажобаларының бірі.

Путин мен Назарбаев байланысы неге назарда?

2022 жылдан кейін Назарбаев саясаттан кеткендей көрінгенімен, ол Ресей президентімен жиі кездесіп тұрады. Соңғы кездесу 2025 жылдың мамырында Кремльде өткен.

Бұл байланыстар, “Система” зерттеуінше, ресейлік стратегиялық жобалардың артында Назарбаевқа жақын топтардың болуы мүмкін деген күдікті күшейтеді.