Ресей армиясы жолаушылар пойызына дронмен соққы жасады: қаза тапқандар бар
Ресейдің дрондары Украинадағы Харьков облысында жолаушылар пойызына шабуыд жасады.
Шабуыл кезінде пойызда 200-ден астам адам болған. Алдын ала мәлімет бойынша, кемінде бес адам қаза тапқан.
Оқиға 27 қаңтар, сейсенбі күні Харьков облысындағы Языковое ауылы маңында тіркелді. «Чоп – Харьков – Барвенково» бағытымен жүрген жолаушылар пойызына үш дрон шабуыл жасаған. Облыстық прокуратураның хабарлауынша, екі дрон теміржол жанына құлаған, үшіншісі тікелей вагонға соғылып, өрт шыққан.
Қазіргі уақытта бес адамның мәйітінің бөлшектері табылғаны белгілі. Қаза тапқандардың жеке басы ДНҚ сараптамасы арқылы анықталып жатыр.
Украина президенті Зеленский жолаушылар пойызына жасалған соққыны террорлық акт деп бағалады.
«Жолаушылар вагонындағы бейбіт адамдарды жоюда ешқандай әскери мақсат жоқ және болуы да мүмкін емес. Сол пойызда 200-ден астам адам болды. Ал дрон тиген вагонда 18 жолаушы отырған», - деп жазды Украина басшысы өзінің Telegram-арнасында.
Сол түні Ресейдің кезекті соққылары салдарынан Харьков қаласы мен облысының шамамен 80 пайызы электр жарығынсыз қалған. Харьков облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Синегубовтың айтуынша, шабуылдар «Торнадо-С» реактивті залптық от жүйесі мен Shahed үлгісіндегі дрондар арқылы жүзеге асырылған.
Айта кетейік, Харьков қаласы 24 және 26 қаңтар күндері де шабуылға ұшыраған. Қала мэрі Игорь Тереховтың мәліметінше, сол кезде көпқабатты тұрғын үйлер, перзентхана, мектеп пен балабақша ғимараттары зақымданған.