Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:45

Ресей армиясынан 49 мыңнан астам сарбаз қашқан болуы мүмкін – БАҚ

Ресей
Фото: Alexey Pavlishak/REUTERS

Украинадағы соғыста Ресей армиясынан кемінде 49 мың әскери қызметкер – сарбаз бен офицер – өз еркімен кетіп, қашқан болуы мүмкін.

Бұл туралы 20 мамыр күні «Важные истории» зерттеу порталы хабарлады. Ақпарат екі түрлі дерекқордың мәліметтері негізінде дайындалған. Зерттеушілер мәліметтердің нақтылығына кепіл бермейтінін жазған.

Қайдан шыққан деректер?

Бірінші дерек – 2022–2024 жылдар аралығында Ресейдің Оңтүстік әскери округіне қарасты бөлімшелерін өз еркімен тастап кеткен әскери қызметкерлердің базасы. Екіншісі – Украина әскери барлау қызметінің «Хочу жить» жобасы арқылы 2025 жылдың наурызында жарияланған, Ресейде дезертирлік және өз бөлімінен рұқсатсыз кеткені үшін қылмыстық іс қозғалған адамдардың тізімі.

Бұған қоса, «Важные истории» редакциясы Ресей Қарулы күштерінің 20-мотоатқыштар дивизиясынан қашқан адамдардың деректерін де алған. Бұл тізімдегі есімдердің 65 пайызы жоғарыда аталған Оңтүстік округ базасындағы есімдермен сәйкес келген. Көпшілігі Ресейдің әскери гарнизон соттарында дезертирлік бойынша сотталғандар қатарында тіркелген.

Неге қашады?

Зерттеу авторларының айтуынша, әскери қызметкерлердің бөлімшеден қашуына бірнеше себеп бар:
– майдан шебіндегі позицияны тастап кету,
– әскери бөлімшеден өз еркімен кету,
– емделуге жіберілген соң қайта оралудан бас тарту,
– бұйрықты орындаудан бас тарту.

Журналистер екі мәлімет базасын біріктіріп, 49 001 адамнан тұратын  тізімд жасаған. Бұл дерек Украинадағы Frontelligence Insight атты OSINT талдау қауымдастығының мәліметімен шамалас. Олар 2024 жылдың желтоқсан айында Ресей армиясынан 50 554 адамның дезертир болғанын хабарлаған.

Ресми Кремль не дейді?

Ресей билігі бұл ақпаратқа әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Ал бұған дейін Кремль майдан даласында дезертирлік деректері аз екенін немесе жоққа тән екенін мәлімдеген болатын. Алайда ашық дереккөздер мен сот істеріне сүйенген зерттеушілердің баяндамалары керісінше мәлімет береді.

Тегтер: