Ресей әскери ұшақтары мен дрондары НАТО әуе кеңістігіне тағы кірді

Ресей әскери авиациясы мен дрондарының НАТО елдерінің әуе кеңістігіне «кездейсоқ» кіріп кетуі жиілеп кетті. Эстония мен Польша үкіметтері соңғы күндері Мәскеуді ашық арандатушылық жасады деп айыптады.
Эстония мен Польшаның шағымы
Эстония билігінің хабарлауынша, Ресейдің үш МиГ-31 ұшағы Фин шығанағындағы Вайндлоо аралы маңында елдің әуе шекарасын 12 минутқа бұзған. Ұшақтарда ешқандай ұшу жоспары болмаған, транспондерлері өшірілген және әуе диспетчерлік қызметімен байланысқа шықпаған.
Ал Польша үкіметі Балтық теңізіндегі Petrobaltic мұнай платформасының «қауіпсіздік аймағына» екі ресейлік ұшақ кіргенін мәлімдеді. Варшава мұндай оқиғадан соң НАТО Жарғысының 4-бабына сәйкес одақтастарымен консультация өткізуді талап етті.
Эстония да дәл осы бапқа сүйеніп, Солтүстік Атлантика альянсының назарын аударды. АҚШ президенті Дональд Трамп болса, «Эстониядағы оқиға НАТО мен Ресей қарым-қатынасында үлкен мәселелерге әкелуі мүмкін» деп ескертті.
Бұған дейінгі қауіпті оқиғалар
Бұл Ресей тарапынан жасалған алғашқы жағдай емес. 2022 жылдан бері бірқатар эпизодтар тіркелген:
-
2022 жылғы қыркүйек – Ресейдің Су-27 жойғышы Қара теңіз үстінде Британияның барлау ұшағына қарай зымыран атқан. Лондон бұл оқиғаны «техникалық ақаумен байланысты» деп сипаттағанымен, Мәскеуге ресми наразылық білдірген.
-
2022 жылғы қараша – Ресейдің Украинаға жасаған соққысы кезінде Польша аумағына зымыран түсіп, екі адам қаза тапқан. Кейін оның Украина әуе қорғанысына тиесілі екені анықталды, бірақ жауапкершілік Ресейдің шабуылына жүктелді.
-
2023 жылғы наурыз – Ресейдің Су-27 ұшағы Қара теңіз үстінде АҚШ-тың MQ-9 Reaper дронын құлатып, салдарынан Вашингтон мен Мәскеу арасында қатаң диалог жүргізілген.
-
2023 жылғы мамыр – Ресейдің Су-35 ұшағы Қара теңіздегі Польша шекара қызметінің ұшағына тым жақын келіп, қауіпті манёвр жасаған. НАТО әскери әуе күштері әскери дайындыққа келтірілген.
-
2023 жылғы желтоқсан – Ресейдің қанатты зымыраны Польша аумағынан өтіп, Украинаға қарай ұшып кеткен. Бұл оқиға Варшавада төтенше жиынға себеп болды.
-
2024 жылғы маусым – Ресейдің төрт әскери ұшағы Финляндия әуе кеңістігін 2,5 шақырымға дейін бұзып кірді. Хельсинки Мәскеуден түсініктеме талап етті.
-
2025 жылғы қыркүйек – Ресейдің 19 дроны Польша аумағына кірді. Бұл жолы НАТО алғаш рет дрондарға қарсы әуе операциясына қатысты. Польша Patriot жүйесін, F-16 ұшақтарын іске қосты, сонымен қатар Нидерландияның F-35 және Италияның AWACS ұшақтары көмекке тартылды.
НАТО мен одақтастардың реакциясы
НАТО әрбір эпизодтан кейін Мәскеудің әрекеттерін «қалыпты ережелерді бұзу» және «арандатушылық» деп бағалап келеді. Полша мен Эстония секілді одақтас елдер Шарттың 4-бабы бойынша жиі кеңес шақырып, Альянстың шығыс шекарасын қорғауды күшейтуді талап етіп жатыр.
Кейінгі айларда Польша премьер-министрі Дональд Туск пен Эстония үкіметі Ресейдің әрекеттерін «азаматтардың қауіпсіздігіне нақты қауіп» деп бағалады. НАТО болса, «Шығыс қорғаушы» атты жаңа операцияны бастап, аймаққа қосымша әскери күштер орналастырған.