Ресей дрон өндірісі үшін Қытайдан оптоталшықты жаппай сатып алып жатыр
2025 жылы Ресей Қытайдан оптоталшық (оптоволокно) сатып алуды күрт арттырған. Қытайлық өндірушілер ресейлік сатып алушылар үшін бағаны 2,5-4 есеге дейін көтерген.
Бұл туралы 26 ақпанда «Ведомости» газеті хабарлады.
Бейжің пошта және телекоммуникациялар университетінің талшықты-оптикалық кабельдер зерттеу орталығының сарапшысы Чунь Шэньнің бағалауынша, Ресей өткен жылы шамамен 60 млн километр оптоталшық тұтынған.
Ресейде өндіріс тоқтаған
Қазір Ресейде оптоталшықтың өз өндірісі жоқ. Елдегі жалғыз зауыт – Саранск қаласындағы «Оптиковолоконные системы» АҚ – 2025 жылдың сәуір-мамыр айларында украиналық дрон шабуылдарынан кейін жұмысын тоқтатқан. Бұл туралы ComNews Group бас директоры Леонид Коник мәлімдеген.
Осыдан кейін Ресей толықтай Қытай жеткізушілеріне тәуелді болып қалды. Қытай әлемдік оптоталшық өндірісінің 60 пайыздан астамын қамтамасыз етеді.
Сұраныстың күрт өсуі өнім бағасының қымбаттауына әкелді. Байланыс операторлары қолданатын G.652D маркалы талшық 2025 жылдың басында бір километрі 16 юань болса, 2026 жылдың қаңтарында 40 юаньға дейін өскен.
Сұраныстың басты себебі – әскери мақсаттағы қолдану. 2025 жылы Ресей мен Украина FPV-дрондарды оптоталшық арқылы басқаруды белсенді түрде енгізе бастаған. Мұндай дрондарды анықтау қиын әрі оларды радиоэлектрондық күрес құралдарымен тұншықтыру мүмкін емес.
Сұраныстың тағы бір көзі – жасанды интеллект жобаларына арналған дата-орталықтар иелері.
2025 жылдың күзінде америкалық The Washington Post басылымы қытайлық компаниялар ресейлік дрон өндірушілеріне литий-ионды батарея жеткізуді де арттырғанын жазған.
Ал АҚШ пен Жапония сияқты балама жеткізушілер Ресей үшін санкциялар салдарынан қолжетімсіз.