Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:03

Ресей дрондары алғаш рет НАТО әуе кеңістігінде атып түсірілді

Дрон
Фото: Sofiia Gatilova/REUTERS

Ресейдің Украинаға жасаған әуе шабуылы кезінде Польша аумағына кірген дрондарды атып түсіру үшін ұлттық және НАТО әуе қорғаныс күштері жұмылдырылды. Бұл – Варшаваның алғаш рет көршілес елдегі соғысқа тікелей араласуының белгісі. Польша үкіметі мұны «агрессиялық әрекет» деп атады.

Польша премьер-министрі Дональд Туск операциялар жалғасып жатқанын айтып, НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді. 

Әскерилердің хабарлауынша, ресейлік дрондар бірнеше мәрте Польша әуе кеңістігін бұзған. Радарларда 10-нан астам нысан анықталып, қауіпті деп танылғандары жойылған.

«Аумаққа кірген кей дрондар атып түсірілді. Құлаған жерлерін анықтау жұмыстары жүріп жатыр», – делінген ресми мәлімдемеде.

Әскерилер тұрғындарды үйлерінен шықпауға шақырып, Подляское, Мазовецкое және Люблин өңірлері қауіп аймағында екенін ескертті.

«Бұл – азаматтарымыздың қауіпсіздігіне төнген нақты қатер», – деді билік.

1
Фото: Reuters

Польша астанасындағы ең ірі әуе айлағы – Шопен әуежайы да уақытша жабылды. Flightradar24 дерегінше, қонуы тиіс бірнеше рейс басқа әуежайларға бағытталған. АҚШ Федералды авиация әкімшілігі де Шопенді Польшадағы уақытша жабылған төрт әуежайдың бірі деп атады. Олардың қатарында Украинаға жолаушы және қару-жарақ жеткізуде маңызды саналатын Жешув–Ясионка әуежайы да бар.

Ресей Қорғаныс министрлігі әзірге жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио оқиға туралы хабардар етілгенімен, Мемлекеттік департамент түсініктеме бермеді.

CNN хабарлауынша, АҚШ сенаторы Дик Дурбин:

«Ресей дрондарының НАТО әуе кеңістігіне қайта-қайта кіруі – Владимир Путиннің Польша мен Балтық елдерін қорғаудағы біздің табандылығымызды сынап отырғанының белгісі. Украинадағы қырғыннан кейін мұндай әрекеттерді елемей қоюға болмайды», – деді.

ЕО шабуылды халықаралық құқықты бұзу деп атады.

БҰҰ дерегінше, Украина аумағының басым бөлігі Волынь мен Львов облыстарын қоса алғанда, түні бойы әуе шабуылы туралы дабыл астында болды.

Польша 2022 жылы Украинадан ұшып келген зымыран елдің оңтүстігіндегі ауылға түсіп, екі адам қаза тапқаннан бері әуе кеңістігіне кірген нысандарға жоғары деңгейде бақылау орнатқан. Дегенмен бүгінге дейін НАТО немесе Польша жүйелерінің ресейлік дрондарды атып түсіргені жөнінде хабар болмаған.

Сонымен қатар, Польша Ресей мен Беларусьтің бірлескен «Запад» әскери жаттығуларына байланысты бейсенбі күні Беларусьпен шекарасын жабатынын жариялады. Бұл жаттығулар НАТО-ға мүше көрші мемлекеттер – Польша, Литва және Латвияда алаңдаушылық туғызып жатыр.

Тегтер: