Ресей дрондары автобусқа шабуыл жасады: кемінде 15 адам қаза тапты
Украинаның Днепропетровск облысы аумағында кеншілерді тасымалдап келе жатқан қызметтік автобус Ресей дрондарының шабуылына ұшырады.
Аймақ басшысы Олександр Ганжа хабарлағандай, автобусқа қатарынан бірнеше соққы жасалған. Автобус иесі – DTEK компаниясының мәліметінше, кемінде 15 адам қаза тауып, тағы 17 адам жараланған. Сол күні Ресейдің тағы бір дроны Запорожьедегі перзентханаға соққы берген.
DTEK таратқан мәлімдемеде:
«Ресей Днепропетровск облысындағы DTEK шахталарына ауқымды террорлық шабуыл жасады. Жұмыс ауысымынан кейін кеншілерді алып бара жатқан автобус осы шабуылдардың бірінің ортасында қалды. Қазіргі мәлімет бойынша 15 кенші қаза тапты», - делінген.
Бұған дейін облыстық прокуратура 17 адамның жараланғанын, олардың тоғызының жағдайы ауыр екенін хабарлаған. Прокуратура дерегінше, соққы жергілікті уақытпен 15:45 шамасында жасалған.
Украина кеншілер кәсіподағының жетекшісі, Жоғарғы рада депутаты Михайло Волинец шабуылға Ресейдің Shahed үлгісіндегі төрт дроны қатысқанын айтты.
Украина Ұлттық полициясы оқиғаның Павлоград ауданына қарасты Терновка қаласында болғанын нақтылады. Мұнда 60 жылдан бері «DTEK Pavlogradugol» құрамындағы көмір кеніші жұмыс істейді. Автобуста дәл осы кәсіпорынның ауысымнан қайтып келе жатқан жұмысшылары болған. Дрондардың бірі автобустың қасында жарылған.
Дрондарға қарсы күрес саласының жетекші сарапшысы, Украина қорғаныс министрінің кеңесшісі Сергей Бескрестнов (лақап аты — Flash) шабуыл жасаған дрондар нақты уақыт режимінде басқарылғанын айтты.
Оның сөзінше, бірінші дрон автобусты көріп, соққы жасаған. Жарылыс толқынынан жүргізуші басқаруды жоғалтып, жол жиегіндегі бөгетке соғылған. Жараланғандар автобустан шығып, бір-біріне көмектесе бастаған.
«Ең қорқыныштысы мұны көріп тұрған екінші дрон операторы дронды адамдардың үстіне бағыттаған. Ресей аумағында отырған операторлар нысанадағы адамдардың әскери емес, бейбіт тұрғындар екенін анық көре тұра саналы түрде шабуыл жасады. Бұл терроризмнің кезекті фактісі», - деді Flash.
Ресей билігі бұл оқиғаға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Бескрестнов Ресей дрон операторларының Харьков облысында жолаушылар пойызына да әдейі шабуыл жасағанын хабарлаған.
Еске салайық, өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путиннің суық күндерде Украинаның ірі қалаларына бір апта бойы шабуылдарды тоқтатуға келіскенін айтқан еді. Кейін Кремль бұл үзілістің 1 ақпанға дейін күшінде болатынын хабарлаған.