Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:47, 02 Ақпан 2026

Ресей дроны Украина шахтерлеріне шабуылдады

дрон
Фото: из открытых источников

Днепропетров облысында Ресей әскерінің дрон шабуылы салдарынан шахтерлер мінген қызметтік автобусқа соққы жасалып, кемінде 12 адам қаза тапты. Тағы бірнеше адам жарақат алған.

Облыс әкімі Александр Ганжаның мәліметінше, шабуыл Павлоград ауданында болған. Ресейлік дрон бір кәсіпорынға тиесілі қызметтік автобус маңында жарылған. Энергетикалық DTEK компаниясы аталған автобус осы компанияға тиесілі екенін растады.

DTEK дерегінше, шабуыл кезінде кемінде 12 адам қаза тауып, 16 адам жарақат алған. Ал Донбасс отын-энергетикалық компаниясы қаза тапқандар саны 15 шахтерге жеткенін хабарлады.

«Ресей Днепропетров облысындағы DTEK шахталарына қарсы ауқымды террористік шабуыл жасады. Шабуылдардың бірінің эпицентрі ауысымнан кейін жұмысшыларды тасымалдап келе жатқан қызметтік автобус болды», -делінген компания хабарламасында.

Бұған дейін облыстық прокуратура 17 адамның жарақат алғанын, олардың тоғызының жағдайы ауыр екенін мәлімдеген. Прокуратураның хабарлауынша, соққы жергілікті уақытпен шамамен сағат 15:45-те жасалған.

Украинадағы тәуелсіз шахтерлер кәсіподағының басшысы Михаил Волынецтің айтуынша, шабуылға Ресейдің кемінде төрт шахед үлгісіндегі дроны қатысқан.

Сол күні Ресейлік дрон Запорожье қаласындағы перзентхана ғимаратына да соққы жасағаны хабарланды. Украина билігі азаматтық нысандарға бағытталған шабуылдарды әскери қылмыс деп бағалап отыр.

Тегтер: