Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:47

Ресей екінші түн қатарынан Киевке шабуыл жасады

Киев
Фото: Genya Savilov / AFP / Scanpix / LETA

Ресей әскері қатарынан екінші түнде Украина астанасы Киевке дронмен шабуыл жасады. Кейінгі шабуыл салдарынан кем дегенде үш адам қаза тауып, 30-дан астам тұрғын жарақат алды, деп хабарлайды AFP және BBC.

Украина Ішкі істер министрі Игор Клименконың айтуынша, қаза тапқандардың екеуі – 19 жастағы қыз бен оның 46 жастағы анасы. Үшінші адамның жеке басы әлі анықталған жоқ.

Киев мэрі Виталий Кличконың мәліметінше, жараланғандардың арасында екі бала бар, олардың ең кішісі — төрт жаста.

Киевте түнгі дрон соққысы және өрт

Дрон қалдықтары Киевтің Деснян ауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің екінші қабатына құлаған. Соққы салдарынан өрт шыққан. Қаладағы Оболонь ауданында да 16 қабатты үйге дрон сынықтары түскені хабарланды, бірақ зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.

Украина Қарулы күштерінің Әуе қорғаныс бас штабының дерегінше, Ресей 101 дрон ұшырған. Оның шамамен 60-ы ирандық Shaheed үлгісіндегі аппараттар болса, қалғаны — «Гербер» және дрон-имитаторлар. Укроаина қорғаныс күштері 90-ға жуық дронды атып түсіргенін немесе бағытын өзгерткенін мәлімдеді.

Бұл аптада Киев үш рет шабуылға ұшырады:

  • 22 қазанға қараған түні — зымыран және дрон соққылары;
  • 25 және 26 қазан түндері — тек дрондар арқылы.

Кейінгі жеті күн ішінде бейбіт тұрғындар арасында кем дегенде жеті адам қаза тауып, ондаған адам жараланған.

Украина президенті Владимир Зеленский кейінгі шабуылдарды айыптап, былай деді:

«Ресей өткен аптада Украинаға қарсы 1200-ге жуық дрон, 1360 басқарылатын әуе бомбасын және 50-ден астам түрлі зымыран қолданды. Әр соққы – бейбіт өмірді барынша күйретуге бағытталған. Бұл аптада тұрғын үйлерге, балаларға, азаматтық инфрақұрылымға соққылар жасалды. Ресей үшін басты нысана – адамдарымыз».

Белгород аймағында да зардап шеккендер бар

Украин дрондарының соққылары Ресейдің Белгород облысында да тіркелді. Облыс губернаторы Вячеслав Гладковтың хабарлауынша:

  • Маслова Пристан ауылында (Белгородтан 20 км оңтүстік-шығысқа қарай) украин соққысынан 10 адам жараланған.
  • Белгород қаласының өзінде де үш адам дрон шабуылы кезінде жарақат алған. Олардың бірі – ер адам мен әйел, екіншісі – «Орлан» бөлімінің жауынгері.
  • Екі көпқабатты үйдің пәтерлеріне зақым келген.
  • Грайворон округіндегі Дорогош ауылында тағы үш адам жараланған, олардың бірі 14 жастағы жасөспірім.
Тегтер: