Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:15

Ресей елшісі: Украина шабуылдарынан Қазақстан миллиардтаған шығынға ұшырады

КҚК
Фото: КҚК

Қазақстан 2026 жылдың алғашқы екі айында энергетикалық инфрақұрылым нысандарына жасалған шабуылдар салдарынан шамамен 2 млрд доллар шығынға ұшыраған. Бұл туралы Қазақстандағы Ресей елшісі Алексей Бородавкин мәлімдеді.

Оның айтуынша, негізгі соққылар Каспий құбыр консорциумының (КҚК) мұнай құбырына және қазақстандық мұнай тасымалдайтын танкерлерге бағытталған. Елші бұл мәлімдемені «Еуразиялық диалог. Қазақстан — 2026» бағдарламасы аясында жасағанын ТАСС агенттігі хабарлады.

«Киев режимінің әрекеттері, әсіресе энергетикалық инфрақұрылымға, атап айтқанда КҚК мұнай құбырына және мұнай тасымалдайтын танкерлерге жасалып жатқан тұрақты “террористік шабуылдар” тек Ресей мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты әлсіретуді ғана емес, Қазақстан экономикасын да әлсіретуді көздейді. Сарапшылардың бағалауынша, биылдың алғашқы екі айында ғана Қазақстанға келген шығын 2 млрд АҚШ долларын құрады», — деді Бородавкин.

Еске салайық, қараша айының соңында Новороссийск маңында теңіздегі дрон арқылы КҚК-ның ВПУ-2 тиеу құрылғысына шабуыл жасалған болатын.

Қазақстан мен Украина тараптарының ұстанымы

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл шабуылдарға байланысты алаңдаушылық білдірді.

Ал Украина тарапы бұл әрекеттердің Қазақстанға қарсы бағытталмағанын мәлімдеді. Киевтің айтуынша, барлық операциялар БҰҰ Жарғысының 51-бабында қарастырылған өзін-өзі қорғау құқығы аясында жүргізілуде.

Қазақстандағы Украина елшісі Виктор Майко The Times of Central Asia басылымына берген сұхбатында:

«Украина ешқашан Қазақстанның экономикасына немесе инфрақұрылымына соққы жасаған емес. Біздің шабуылдар тек Ресейдің әскери нысандарына бағытталған. Қазақстан — біздің маңызды серіктесіміз, оның нысандары әскери мақсат емес», — деді.

Сондай-ақ ол қазақстандық мұнай тасымалдаған танкерлерге жасалған шабуылдар Украина тарапынан болмауы мүмкін екенін айтып, мұны арандату немесе жақын қашықтан жасалған әрекет болуы ықтимал екенін жеткізді.

13 қаңтарда қазақстандық мұнайды тасымалдауға қатысқан екі танкер КҚК теңіз терминалы маңында дрон шабуылына ұшыраған.

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) — Қазақстан мұнайын экспорттаудың негізгі бағыты. Сондықтан оның жұмысына келген кез келген кедергі мұнай жеткізілімдеріне, бюджет кірістеріне, тікелей әсер етеді.