Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:10

Ресей энергетика министрі Путиннің «жеке сәлемін» Тоқаевқа жеткізді

Тоқаев пен Цивилев
Фото: Ақорда

2025 жылдың 19 сәуірінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Ресейдің энергетика министрі Сергей Цивилевті қабылдады.

 Қазақстан президентінің баспасөз қызметі хабарлауынша, Цивилев Тоқаевқа Ресей президенті Владимир Путиннен «жеке сәлем» жеткізген. Алайда, бұл сәлемнің мазмұны нақтыланбады.

Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы маңызды ынтымақтастық салаларының бірі — энергетика саласындағы әріптестік мәселелері сөз болды. Екі елдің билігі бұл бағыттағы серіктестікті стратегиялық деп бағалайды.

Осы аптада Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров та Қазақстанда ресми сапармен болды. Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Лавровпен келіссөздер барысында Қазақстанда атом электр станциясы (АЭС) салу мәселесіне тоқталды.

«Бізде ресейлік бизнеспен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан 170-тен астам инвестициялық жоба бар. Солардың бірі — еліміздегі АЭС құрылысы. Бұл жоба болашақта маңызды болмақ. Сала министрліктері бұл бағытта жұмыстарды жалғастырады деп сенемін», — деді Нұртілеу.

АЭС құрылысын кім жүзеге асыратыны әзірге нақты емес. Энергетика министрлігі шорт-листке төрт үміткерді енгізген: Қытайдың CNNC компаниясы, Оңтүстік Кореяның KHNP, Ресейлік «Росатом» және Францияның EDF. Қай компанияның таңдалатыны маусым айында жарияланбақ.

2023 жылдың 6 қазанында Қазақстанда АЭС салу жөнінде референдум өткен. Ресми дерекке сәйкес, сайлаушылардың 71 пайызы құрылысқа қолдау білдірген. Тоқаев референдумнан кейін халықаралық консорциум жобаны жүзеге асыруы мүмкін екенін айтқанымен, нақты компаниялар жайлы мәлімет бермеді.

АЭС жобасына қарсы шыққан экологтар мен белсенділер оның қымбатқа түсетінін, болашақта электр энергиясы тарифі жоғары болуы мүмкін екенін алға тартуда. Сонымен қатар, радиоактивті қалдықтарды жою мәселесі шешілмегені айтылды. Қоғамдық тыңдауларда экоактивистер Балқаш көлінің экожүйесіне зиян келуі мүмкін екенін, АЭС орналасатын Үлкен ауылы маңының сейсмикалық белсенділігі жоғары екенін атап өтті. Бұл жерде жер сілкінісі болса, апаттың зардабы орны толмас зиянға әкелуі мүмкін.

Тегтер: