Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:37, 26 Маусым 2024

Ресей Еуроодақтың ондаған жетекші ақпарат құралдарына кіруге тыйым салды

БАҚ
Фото: Mikhail Metzel

Мәскеу Еуроодақтың 81 бұқаралық ақпарат құралының елде таралуына тыйым салды. Бұл туралы Euronews агенттігі хабарлады.

Олардың қатарында AFP ақпарат агенттігі, Le Monde және Liberation газеттері, Германияның Der Spiegel, Frankfurter Allgemeine Zeitung басылымдары, испандық El Mundo, El Pais газеттері, EFE ақпараттық агенттігі, итальяндық La Stampa және La Repubblica газеттері секілді ондаған жетекші еуропалық ақпарат құралдары мен веб-сайттары бар.

Ресей Сыртқы істер министрлігі бұл шешімді ресейлік РИА Новости, Известия және Российская газетаның Еуропада «хабар тарату қызметіне» тыйым салуына «жауап шарасы» деп атады.

Ресей Федерациясының аумағынан арнайы әскери операцияның барысы туралы жалған ақпараттарды жүйелі түрде тарататын Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының және Бүкілодақтық БАҚ операторларының хабар тарату ресурстарына кіруге қарсы шектеулер енгізілуде, деді РФ Сыртқы істер министрлігі.

Ресей СІМ мәлімдемесінде жауап шаралары қолданылып жатқан ЕО-ға мүше елдердің БАҚ және ЕО кеңістігіндегі БАҚ операторларының тізімі берілген.Тізімге барлығы 81 БАҚ енген. Жалпыеуропалық БАҚ арасында бұл тізімге Politico, Svoboda Satellite Package және Euobserver интернет-басылымы кіреді.

Ресей Сыртқы істер министрлігі ресейлік БАҚ-қа шектеулер алынып тасталса, Мәскеу де аталған медиа операторларына қатысты шешімін қайта қарайтынын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Еуроодақта ресейлік үгіт-насихат құралдарына (РИА Новости, «Известия» және «Российская газета» газеттері, «Европа дауысы» порталы) кіруге тыйым салынған. Үкім 25 маусымда күшіне енді.

«Бұл ақпарат құралдары Ресейдің тікелей немесе жанама бақылауында және оның Украинаға заңсыз басып кіруін қолдауға үлес қосты», делінген Еуропалық кеңес мәлімдемесінде.

 

Тегтер: