Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:40

Ресей Еуропамен шекарадағы әскери күштерін күшейтіп жатыр

Ресей әскері
Фото: AFP

The Wall Street Journal басылымының 28 сәуірдегі хабарлауынша, Ресей үкіметі соңғы бірнеше жылда Финляндия мен Норвегиямен шекаралас аймақтарда әскери бөлімшелерін ұлғайтқан.       

Бұл туралы Planet компаниясының коммерциялық спутниктік суреттеріне сүйене отырып жазылған.

Басылым Финляндиямен шекарадағы Ленинград облысының Выборг ауданындағы Каменка және Норвегиямен шекарадағы Мурманск облысының Печенг ауданындағы Спутник елдімекеніндегі әскери бөлімдердің спутниктен түсірілген суреттерін жариялады. Финляндиялық Black Bird Group зерттеу ұйымының мәліметінше, Каменкадағы бөлімде әскери қызметкерлерге арналған жаңа тұрғын үйлер салынған, ал Спутниктегі бөлімде әскери техникаға арналған қоймалар кеңейтілген.

The Wall Street Journal-дың жазуынша, Ресей Карелиядағы Петрозаводск маңында жаңа казармалар мен полигондар салып, арсеналдар мен теміржолдарды жаңғыртуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, онда ондаған мың әскери қызметкерді басқару үшін жаңа армия штабы құрылмақ.

Финляндия мен Норвегия шекаралары бойымен, сондай-ақ оңтүстікте Петербургтен Эстония шекарасына дейін жаңа теміржол желілері тартылып, ескі жолдар кеңейтілуде. Хельсинкидегі Ұлттық қорғаныс университетінің профессоры Юха Куккола WSJ-ға берген сұхбатында:

«Ресей-Финляндия шекарасында механикаландырылған әскерлерге өтуге мүмкіндік беретін ондаған нысан бар. Егер олар жаңа теміржол станцияларын салып немесе ескі станцияларды жаңартып жатса, бұл маңызды белгі», – деді.

Ресей президенті Владимир Путин 2024 жылы Ресей армиясының саны 1,5 миллион адамға жетуі тиіс деген тапсырма берген болатын. (Салыстыру үшін: Украинаға басып кіру алдында Ресей армиясында шамамен 1 миллион әскери болған).

Батыс әскери сарапшылары мен барлау қызметтерінің мәліметінше, Украинада қызмет атқарып жатқан көптеген жаңа сарбаздар кейін НАТО-мен ықтимал қақтығысқа дайындалатын әскердің негізін құрамақ.

WSJ мәліметінше, жаңа бөлімшелердің басым бөлігі Финляндия, Латвия және Эстониямен шекаралас Ленинград әскери округіне ауыстырылады. Шағын бригадалар саны үш есеге ұлғайып, әрқайсысы 10 мың адамдық дивизияға айналады.

Ресейлік әскери сарапшылар Финляндия шекарасындағы бұл белсенділікті Кремльдің НАТО-мен ықтимал қақтығысына дайындық ретінде бағалайды. Ресейлік Стратегия және технологияларды талдау орталығының директоры Руслан Пухов WSJ-ға берген сұхбатында:

«Қолдағы әскерлер Украинадан оралғанда, олар қарсылас деп санайтын елдердің шекарасында тұрады. Соңғы онжылдықтағы логикаға сүйенсек, біз НАТО-мен қақтығысқа дайын болуымыз керек», – деді.

Еуропалық барлау қызметінің аты-жөнін атамаған өкілі WSJ-ға берген сұхбатында Ресейдің НАТО құрамындағы шағын елге, мысалы, Ресей азшылықтары көп тұратын Эстонияға шабуыл жасап, альянстың бірлігін сынауы мүмкін екенін айтты.

Карнеги қорының Ресей және Еуразия бағдарламасының аға ғылыми қызметкері Майкл Кофманның пікірінше, Ресей «тез мүмкіндікті пайдаланып», Балтық елдерінің біріне қарсы шектеулі әскери операция жүргізуі ықтимал. Оның айтуынша, Балтық елдері Ресей-Украина соғысы аяқталғаннан кейінгі алғашқы 2–3 жылда шабуыл қаупі жоғары болады деп есептеп отыр.

Кофман, егер НАТО-мен кең ауқымды соғыс басталатын болса, оның мерзімі сценарийге қарай 7 жылдан 10 жылға дейін созылуы мүмкін екенін атап өтті.

Дания барлау қызметі 2024 жылдың ақпанында жариялаған есебінде, егер Ресей НАТО-ны әлсіреген немесе бөлінген деп санаса немесе АҚШ-тың Еуропаға қолдау көрсетпейтініне көз жеткізсе, алдағы 5 жыл ішінде Еуропада кең ауқымды соғыс басталуы мүмкін екенін ескерткен болатын.

WSJ дерегінше, Ресейдің қорғаныс шығындары биыл ЖІӨ-нің 6 пайызынан асып кетті (соғысқа дейін 3,6% болған). Салыстыру үшін: АҚШ 2024 жылы ЖІӨ-нің 3,4 пайызын, ЕО елдері орта есеппен 2,1 пайызын әскери шығындарға жұмсамақ.

Соңғы жылдары Ресей Т-90М үлгісіндегі жауынгерлік танк өндірісін едәуір арттырды: 2021 жылы жылына шамамен 40 дана өндірілсе, қазір жылдық көрсеткіш 300 танкке жетті. Финляндияның жоғары лауазымды әскери қызметкері атап өткендей, бұл жаңа танктердің көбі Украина майданына емес, Ресей аумағында тұр.

2025 жылы Ресейдің артиллериялық қару-жарақ және оқ-дәрі өндірісі шамамен 20 пайызға өседі деп болжанған. Бұл жаңа қару-жарақтардың негізгі бөлігі НАТО-мен шекарада орналасқан бөлімшелерге берілмек.

WSJ атап өткендей, қазір Украинаға негізінен кеңес заманынан қалған ескі және жөнделген қару-жарақ жіберіліп жатыр.

АҚШ Сенатында сөз сөйлегенде НАТО-ның Еуропадағы біріккен күштерінің қолбасшысы Кристофер Каволи:

«Ресей қарулы күштері көп сарапшылар болжағаннан жылдамырақ қалпына келуде және күшеюде. Қазіргі Ресей армиясы соғыс басындағы кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда ауқымды», – деп мәлімдеді.

Соңғы айларда Ресейде Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырған азаматтардың саны артты. АҚШ деректері бойынша, әр ай сайын шамамен 30 мың адам келісімшарт жасасады, ал 2024 жылдың жазында бұл көрсеткіш айына 25 мың болған еді. Кейбір Шығыс Еуропа арнайы қызметтерінің деректері бойынша, бұл сан тіпті айына 40 мың адамға жеткен.

Еуропалық барлау қызметтерінің бағалауынша, Ресей армиясының сан жағынан өсуі Украинадағы бөлімшелерді жиі ауыстыруға және ел ішінде жаңа, жақсы даярланған бөлімшелер құруға мүмкіндік берді.

Тегтер: