Ресей ғана мойындаған Ауғанстанға неге барғыштап кеттік?

Ауғанстан – әлемдегі ең кедей әрі тұрақсыз елдердің бірі. Мемлекетті 2021 жылы тамыздан бері көп елде террористік ұйым деп танылған «Талибан» қозғалысы басқарып отыр.
Ауған тізгінін тәліптер екінші рет ұстаған соң Қазақстан, Ресей сияқты бірқатар ел оны террористік ұйым тізімінен шығарды. Бірақ оларды Ауғанстанның заңды билігі деп Ресей ғана мойындаған. Астана әзірше бұл үкіметті ресми мойындаған жоқ.
Соған қарамастан, Қазақстан үкіметі Кабулмен қарым-қатынасын жақсартуға ынта танытып отыр. Биыл жыл басынан бері екі ел арасында ат сабылтып жүрген шенділер көп. Мысалы, сәуірде Қазақстан ұлттық экономика министрі, вице-премьер Серік Жұманғарин Ауғанстан астанасына сапар шеккен. Сол кезде Астана Ауғанстанның теміржол жобасына 500 млн доллар инвестиция құюға дайын екені айтылды.
Ал шілдеде тағы бір вице-премьер, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған делегация Кабулға барды. Бұл жолы қос тарап екіжақты тауар айналымын 3 млрд АҚШ долларына жеткізуге уағда қылды. Сондай-ақ Орта Азия мен Оңтүстік Азияны байланыстыратын теміржол құрылысы туралы меморандумға қол қойды. Қазақстан да, Ауғанстан да теңізбен шектеспейтін мемлекет. Бірақ Астана Ауғанстан аумағындағы Торғынды – Герат бағыты арқылы Пәкістан порттарына жетіп, әрі қарай Үнді мұхитына желкен жаюға ниетті.
Астана көптен бері Кабулға гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. Осы жолғы сапарында Мұрат Нұртілеу Қазақстан ауған халқына азық-түлік, күнделікті қажетті тауарлар және дәрі-дәрмек жеткізуді жалғастыратынын айтты. Кей дерек бойынша биыл жыл басынан бері Қазақстан Ауғанстанға 1 000 тонна ұн, 1 243 тонна күріш, 3,5 тонна дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар жеткізіпті. Сондай-ақ жыл сайын ауған студенттеріне гранттар бөліп келеді.
Қазақ-ауған қарым-қатынасы: кім ұтады?
ҚР сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Астана мен Кабул теміржол, ауыл шаруашылығы, цифрлы инфрақұрылым және пайдалы қазбалар өндірісі саласында серіктестік орнатпақ. Бірақ экономикасы ғана емес, саяси ахуалы да тұрақсыз Ауғанстан біздің елге сенімді серіктес бола ала ма? Мысалы, Ауғанстан көп жылдан бері Қазақстан бидайын сатып алатын маңызды нарықтардың бірі болған. Бірақ тәліптер тізгін ұстағалы бұл көрсеткіш қатты төмендеп кетті. 2020 жылы Кабул бізден 1,1 млн тонна бидай алса, 2023 жылы 323 мың тоннаға кемітті.
Қазақстан үкіметі неге аяқ астынан ауғаншыл бола қалды? Шекаралас көршіміз емес, экономикалық тұрғыда кіндігіміз байланған жақын серіктесіміз де емес. Әрине, транзит, су ресурстары, геосаяси қауіпсіздік тұрғысынан мүддеміз түйісетін тұстар бар. Бірақ ай сайын бір вице-премьер шапқылап, шабылатындай маңызды мемлекет емес еді. Ендеше, Кабулға көңіл аударуымыздың астары тереңде жатыр.
Биыл 21 мамырда Мажарстан астанасы Будапеште Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті. Сол жиында қабылданған Будапешт декларациясында ұйымға мүше мемлекеттердің Ауғанстанға қатысты біртұтас ұстанымын әзірлеу жайы сөз болған. Ұйым мүшелері мұны терроризммен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен күресте қажетті қадам деп санайды. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, биыл маусымда Астанада өткен «Орта Азия – Қытай» саммитінде Қытай төрағасы Си Цзиньпин Ауғанстанды қалпына келтіру және дамыту мақсатында Кабулмен ынтымақтастықты күшейтуді ұсынған. Өйткені Бейжің Ауғанстанды өзінің «Бір белдеу, бір жол» жобасына қосқысы келеді. Бұл ұсынысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев қолдап шыққан. Содан бері Кабулға делегация жіберуден Ташкент Астанадан қалыспай келеді.
Үшіншіден, Ресейдің Кабулға ықыласы ерекше. Алдымен тәліптерді террористік ұйым тізімінен шығарды. Мәскеуге еріп, Қазақстан мен Қырғызстан да оларды террорист емес деп таныды. Ал биыл шілденің басында Кремль Ауғанстан Ислам Әмірлігін ресми мойындап, тәліптерді Ауғанстанның заңды билігі деп таныған алғашқы мемлекет болды. Демек Ресейден кейін Орта Азия елдері тәліптер үкіметін мойындаса, еш таңғалмаңыз.
Осы сыртқы факторлар Астананың Кабулға мойын бұруына әсер еткені анық. Әрине, бұл қарым-қатынас Қазақстан үшін тиімсіз емес. Геосаяси кедергілерді есепке алмай, тек экономикалық тұрғыда қарасақ, Ауғанстаннан бізге пайда мол. Қазір Қазақстан экспортының 90 пайыздан астамы Ресей аумағы арқылы өтеді. Санкцияға байланысты бұл бағыттың кемшілігі көп. Оның үстіне Мәскеу бұл жағдайды Астананы шаужайлайтын шырға ретінде пайдаланып отыр. Ал Қытай бастап, өзгелер қостап отырған Транскаспий бағытын жүзеге асыруға көп уақыт, көп қаржы және үлкен қажыр-қайрат керек. Онымен салыстырғанда Ауғанстан мен Пәкістан аумағы арқылы Үнді мұхитына шығу тиімдірек. Бірақ бұл жерде біз әдейі есептен алып тастап отырған геосаяси кедергілерді естен шығармауымыз керек. Яғни Ресей мен Қытай Қазақстанның өз бетінше сауда жасауына жол бере ме?..

Дос Көшім, саясаттанушы: Тәліптерді террористер тізіміне неге қостық, неге шығардық?
– Егер тәліптерді террористер тізімнен шығарған болса, олармен қарым-қатынас орнатуға болады деп санаймын. Өйткені тәліптер – Ауғанстанның қазіргі ресми билігі. Мені басқа сұрақ толғандырады. Кезінде тәліптерді неге қара тізімге қостық. Қазақстан билігі әлемдік ұйымдардың сөзіне еріп, өзіне еш жамандық, террорлық әрекет жасамаса да, тәліптерді қара тізімге қосып тастады. Өзге әсерінен оларды қара тізімге қосып, оларды жау санап келді. Ал олар билікке келген соң қара тізімнен қайта шығарып, қарым-қатынас орнатып жатыр. Сөйтіп, өте ыңғайсыз жағдайға қалып отыр. Қазақстан тәліптерді неге қара тізімге енгізді, ал енгізген екен, неге тізімнен қайта алып тастады деген сұрақ туындайды. Тәліптердің ұстанымы ешқашан өзгерген жоқ. Бірінші рет билікке келгенде де, арадағы азаматтық соғыс кезінде де, қазіргі билігі тұсында да бір бағытты ұстанып келеді. Ендеше, оларға деген біздің көзқарасымыз неге өзгереді? Біресе, террорист, біресе емес. Елдің сыртқы саясатын жүргізіп отырған шенділер осыған жауап беруі керек.
Сыртқы саясатта мемлекеттің өз ұстанымы болу керек деп санаймын. Әлемдік ұйымдармен санасу керек шығар, бірақ әр мемлекеттің өз көзқарасы болғаны жөн. Біздің елде осы мәселе ескерілмей жүр. Кеңес кезіндегідей, Ресей не айтса, әлемде не айтылып жатса, соны қолдай жөнелеміз. Оның соңы осындай ыңғайсыз жағдайларға ұрындырады. Қазір біздің қара тізімде тәліптерден өзге де ұйымдар бар. Қазақстанға еш қатысы, еш жаулығы жоқ ұйымдар. Оларды кім үшін қара тізімге қосып отырмыз?
Кез келген шет мемлекетке қарата өзіндік көзқарасымыз бен ұстанымымыз болу керек. Егер ол елден Қазақстанға қауіп болмаса, ол елдің Қазақстанмен қарама-қайшылығы жоқ болса, ондай мемлекетпен қарым-қатынас жасауымыз қажет. Бұл сыртқы саясаттың басты бағыты саналады. Ал ол мемлекетпен байланыс кімге тиімді, кімге тиімсіз деген екінші кезектегі мәселе. Яғни дәл қазір Ауғанстан бізге қарсы емес, жау емес, сондықтан олармен қарым-қатынастан қашпау керек. Ауғанстан – ұзақ жыл қиындық көрген, шапқыншылыққа ұшыраған ел. Демек оларға гуманитарлық көмек көрсету, қолдау қате болмайды. Ең бастысы, тарихи тұрғыдан алғанда олар бізге ешқандай жаманшылық жасаған жоқ, сол үшін бізге жау емес елмен достық қарым-қатынас ұстауға тырысуымыз керек. Ауғанстанды жау санасақ, өзімізге жау тауып аламыз деп есептеймін. Үлкен мемлекеттердің саяси көзқарасының қосағында кету – бізге абырой әпермейді. Тәліптерді қазір көп мойындамағанымен, ең бастысы, өз халқы мойындап отыр. Ел билігі тәліптердің қолында.
Тәліптерді әлем елдері мойындай ма? Бұл ауған билігінің алдағы уақытта өздерін қалай көрсете білгеніне байланысты. Олар билікке келгелі үш жыл болды. Алда қандай саясат жүргізетінін көре жатамыз. Оларды біреу мойындар, біреу мойындамас, біз оған көңіл аудармай, өзімізге тиімді бағытта жұмыс істеуіміз қажет.
Ауғанстаннан қандай қауіп бар?
Ауғанстан – ұзақ жылдан бері азаматтық соғыс жүріп жатқан, экономикасы тұралаған, адам құқығы жиі бұзылатын, билігі әлемдік аренада мойындалмаған мемлекет. Демек ол елмен қарым-қатынаста белгілі мөлшерде қауіп-қатер бар екені анық. Халықаралық кездесулердің өзіне қару асынып баратын тәліптер өркениетті алыс-беріске дайын ба деген сұрақ туындайды. ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың Ауғанстан үкіметінің екі өкілімен бірге түскен суреті есіңізде болар? Қазақстандық дипломат бетін тұмшалап, қару асынған екі ауғанның ортасында тұр. Мұндай кездесу өркениетті ғасырға жараса ма?
Әрине, Ауғанстан біздің елге қарумен қауіп төндірмесі анық. Бірақ от пен оқтың ортасында жүрген тәліптермен тіл табысу да оңайға соқпас. Қазақстан үшін Ауғанстаннан төнетін басты қауіп – су тапшылығы. Ауған даласында су тапшы екені белгілі. Жақында Кабул су қоры сарқылған алғашқы астана атануы мүмкін деген ақпарат тарады. Алдағы 5 жылда Ауғанстан астанасы мүлде сусыз қалуы мүмкін. Ауғанстан су тапшылығын шешу үшін елде үлкен Қош-Тепе каналын салып жатыр. Канал Әмудария өзенінен су тартады, бұл Орта Азиядағы су тапшылығына себеп болуы мүмкін. Нәтижесінде Қазақстанға Сырдария арқылы келетін су азайып, елдің су ресурстарына қысым түсіруі ықтимал. Бұл экологиялық және экономикалық тұрғыда өте қауіпті жағдай.
Сондай-ақ Ауғанстаннан көрші елдерге терроризм және трансұлттық қылмыс қаупі бар екенін жасырмаймыз. Ел тізгінін ұстап отырған тәліптер арасында радикалды діни көзқарастағы адамдардың бар екенін ешкім жоққа шығармайды. Орта Азия елдерін бұл фактор да қатты алаңдатады. Өйткені бұл мемлекеттерде де діни көзқарасы ұшқары азаматтар бар. Демек Ауғанстанмен қарым-қатынас екіжүзді қылыш сияқты. Мысалы, жақында Халықаралық қылмыстық сот «Талибан» қозғалысының жоғарғы көшбасшысы Хайбатулла Ахунзада мен Талибан жоғарғы сотының төрағасы Абдул Хаким Хакканиді адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп санап, оларды тұтқынға алу туралы ордер шығарды. Демек халықаралық қауымдастықтың дәл қазір тәліптер билігін мойындай қоюы екіталай. Мұндайда Қазақстанның ұстанымы қандай болу керек?
.Қуаныш Қаппас