Ресей ғылымы санкциялар салдарынан әлемнен үш жылға қалып қойған

Ресейдің халықаралық ғылыми қауымдастықтан оқшаулануы елдің ғылыми-технологиялық даму қарқынын тежеп, кадрлардың азаюына әкеліп отыр. Ресей ғалымдары мұндай жағдай елдің инновациялық әлеуетіне тікелей қауіп төндіретінін ескертіп жатыр.
РЭМ (Ресей экономикалық мектебі) ғылыми жетекшісі Рубен Ениколоповтың айтуынша, Ресей ғылымы қазіргі таңда әлемнен шамамен үш жылға артта қалған. Себебі ғылыми журналдарда жаңа зерттеулер әдетте 2-3 жыл кешігіп жарияланады, ал ең өзекті идеялар халықаралық конференцияларда талқыланады.
«Сіз бүгін оқып отырған нәрсе шын мәнінде екі-үш жыл бұрын белсенді болған тақырып. Жаңа идеялар халықаралық конференцияларда талқыланады, бірақ оған қатысу қазір әлдеқайда қиын әрі қымбат», – деді Ениколопов. Оның айтуынша, санкциялар ресейлік ғалымдардың заманауи зерттеулерге қолжетімділігін шектеген. Көптеген зерттеушілер халықаралық журналдарға жазылу үшін ақы төлегісі келгенімен, төлемдерге тыйым салынған.
Кадр тапшылығы
Ғылымдағы қиындықтарға қоса кадрлардың қысқаруы жағдайды ушықтырып отыр. «Ведомости» басылымының хабарлауынша, 2015–2024 жылдар аралығында Ресейде докторлар саны 23%-ға азайып, 21 705 адамға, ал кандидаттар саны 19%-ға кеміп, 67 881 адамға түскен.
Жоғары экономика мектебінің деректері бойынша, 2012–2021 жылдары аспиранттар саны 1,6 есе, түлектер саны 2,5 есе азайған. Бұл үрдіс 2019–2024 жылдар аралығында да жалғасқан.
Сарапшылардың айтуынша, негізгі себептердің бірі – ғалымдардың қартаюы мен жаппай зейнетке шығуы.
«Жоғалған ұрпақ» феномені
Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің басшысы Валентин Пармон да бұл мәселеге назар аударған. Оның айтуынша, Ресей ғылымы «ғылымды қажет ететін технологиялармен айналысатын мамандардың бір ұрпағын жоғалтты».
Пармонның пікірінше, жас әрі талантты ғалымдарды ғылымға қайтару үшін мемлекет қаржыландыруды үш есеге дейін арттыруға тиіс.