Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:22

Ресей инфекциялық ауруы бар шетелдіктерді депортациялауды ұсынды

Үндістан мигрант
Фото: ЖИ / Жас Алаш

Ресейде сот шешімімен міндетті медициналық тексеруден өтуден бас тартқан шетел азаматтарын депортациялау және айыппұл салу көзделген бастамалар талқыланып жатыр.

 Бұл туралы Мемлекеттік Дума төрағасы Вячеслав Володин Max мессенджерінде хабарлады.

Оның айтуынша, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары жоқ екені туралы жалған анықтамалар ұсынған мигранттар үшін жауапкершілікті қатаңдату мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Бұдан бөлек, Ресей аумағында үш айдан астам уақыт жүрген шетел азаматтары үшін міндетті медициналық тексеруден өту мерзімін 90 күннен 30 күнге дейін қысқарту ұсынылды.

Володиннің айтуынша, тағы бір бастама аясында медициналық мекемелер шетел азаматының инфекциялық ауруға шалдыққаны анықталған жағдайда, бұл туралы Ресейдің Ішкі істер министрлігі мен Роспотребнадзорды міндетті түрде хабардар етуі тиіс. Бұл шара, оның сөзінше, мұндай адамдарды депортациялау рәсімін жеделдетуге бағытталған.

Мемлекеттік Дума төрағасы ұсынылып отырған өзгерістердің миграциялық процестерді бақылауды күшейтуге және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға арналғанын атап өтті.

Соңғы жылдары Ресей миграциялық заңнаманы жүйелі түрде қатаңдатып, шетел азаматтарына қойылатын талаптар тізбесін кеңейтіп келеді.

Айта кетейік, желтоқсан айында ресейлік депутат Сергей Миронов мигранттарды елді мекендердің ішіне емес, олар жұмыс істейтін нысандардың маңына орналастыру қажет екенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, жергілікті тұрғындар кейде келімсектердің көптеп ағылуына байланысты өз аудандарын тастап кетуге мәжбүр болады.