Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 17:20

Ресей Қазақстан-Ұлыбритания арасындағы әскери келісімге қатысты пікір білдірді

Ресей
Фото: zhasalash.kz

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Қазақстан мен Ұлыбритания арасында 2026 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық жоспарының қабылдануына қатысты пікір білдірді.

Ол Мәскеу басқа елдердің екіжақты қарым-қатынастарына түсініктеме бермейтінін атап өтті. Алайда, Қазақстанның ҰҚШҰ аясындағы өз міндеттемелеріне адалдығына сенімді екенін жеткізді.

«Бір нәрсені ерекше атап өткім келеді: біз Қазақстанның ҰҚШҰ аясындағы одақтастық міндеттемелерін одан әрі орындауға, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған Ұйым қызметіне конструктивті түрде қатысатынына күмән келтірмейміз. Бұл НАТО елдерімен байланыс кезінде қажетті қырағылық танытуды да қамтиды», – деді Захарова.

Сонымен қатар ол 28 мамырда Бішкекте өткен ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысын еске салып, онда Ұйым аясындағы әскери ынтымақтастықты нығайтатын бірқатар құжатқа қол қойылғанын айтты.

Ал Канделаки бұл келісімді “тарихты білмейтін елдің әрекеті” деп атап, Қазақстанның қорғаныс саласында Батыспен жақындасуына ашық қарсы шықты. Оның айтуынша, бұл құжатқа 6 маусым күні қол қойылғанымен, ақпарат жұма кешінде жарияланып, ел назарынан тыс қалуға тырысқан.

Сондай-ақ ол Қазақстан Қорғаныс министрінің жексенбі күні қызметінен босатылуын осы келісімді “жасыру” әрекетімен байланыстырды. Канделакидің сөзіне қарағанда, демалыс күндері келісім туралы жаңалық Қорғаныс министрлігінің ресми сайтынан алынып тасталған.

— Ресейдің қас жауы саналатын елмен әскери әріптестік орнату – бұл теміржол станцияларын қайта атау емес. Былтыр осыған қатысты пікірім үшін мені Қазақстанның №1 жауы етіп шығарған. Бірақ бұл – одан да күрделі мәселе. Еске салайын, Қазақстан – ҰҚШҰ-ның мүшесі. Дәл осы әскери блок 2021 жылдың қаңтарында президент Тоқаев пен оның айналасын әскери төңкерістен құтқарып қалды. Венгрия немесе Словакия ЕО-ның сыртқы саясатымен келіспей тұрса да, Ресеймен әскери келісімге отыра қоймас еді. Ал Ресейге дос көрінгісі келетін Қазақстан Британиямен ашық ынтымақтасып жатыр. Осылай бастағандардың соңы жақсылықпен аяқталмаған. Бірақ Қазақстанда тарих оқытылмайтын сияқты. Бәлкім, тек ойдан шығарылатын шығар, - деді Канделаки.

Айта кетейік, келісім аясында тараптар бейбітшілікті сақтау, әскери қызметкерлерді тілдік оқыту және Ұлыбританияның әскери оқу орындарында білім беру бағытында жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін Тина Канделаки Қазақстандағы орыс тілінің қолданылуына қатысты да бірнеше рет дау тудырған мәлімдемелер жасаған болатын. Мәселен, ол теміржол станцияларының атауларын қазақшаға ауыстыру бастамасына қарсы шыққан. Осы мәлімдемелерінен кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі оған елге кіруге тыйым салған.

Deutsche Welle агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда елге кіруіне тыйым салынған шетелдік азаматтардың “қара тізімі” бар. Бұл тізімде Канделакимен бірге Ресей думасының депутаттары Петр Толстой, Евгений Фёдоров, Константин Затулин, Вячеслав Никонов, тележүргізуші Тигран Кеосаян, философ Александр Дугин, Россотрудничество басшысы Евгений Примаков пен саясаттанушы Никита Мендкович те бар.

Тегтер: