Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:35

Ресей Қазақстандағы 3 миллион этникалық орысты елге қайтаруды көздеп отыр

Орыс
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

Ресей билігі соңғы жылдары елдегі демографиялық дағдарысты еңсеру үшін бұрынғы кеңестік кеңістіктен отандастарын қайтаруға талпынып жатыр. 

Бұл ретте Қазақстан Ресейге көшуге бейілді азаматтар үшін басты резервтердің бірі саналады.

2006 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан “отандастарды қоныс аударту” бағдарламасы арқылы осы уақытқа дейін Ресейге 1,2 миллион адам көшіп барған. Алайда соңғы жылдары бұл бағдарламаға қызығушылық азайып келеді. 2019 жылы Ресейге 108,6 мың адам көшсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 31,7 мыңға дейін төмендеген.

Мамандар мұны талаптардың күшеюімен байланыстырады. 2023 жылдан бастап бағдарламаға қатысушылардан орыс тілін білу міндетті талапқа айналды. Бұл тілдік сынақтан өтпегендер көп болды: 8,4 мың өтінімнің тек 3,6 мыңы ғана мақұлданған.

Сондай-ақ, репатриант мәртебесін алу үшін орыс мәдениетімен байланысын растау талабы да бар. Бірақ нақты өлшемдердің болмауы себепті бұл бағдарламаны түрлі этникалық топтар пайдаланып кеткен. Мәселен, 2022 жылы Калуга облысының басшылығы Орталық Азиядан келгендер саны көбейіп кеткен соң бұл бағдарламадан шығу туралы шешім қабылдаған. Ондағы ресми дерекке сай, бастапқыда көшіп келгендердің 80%-ын славяндар құраса, кейін бұл көрсеткіш 17%-ға дейін төмендеген.

2024 жылы бағдарлама арқылы Ресейге қоныс аударғандардың басым бөлігі Қазақстаннан шыққан – 11,1 мың адам. Бұл көрсеткіш басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Бұған тарихи себептер де бар: Кеңес Одағы құлаған тұста Қазақстанда орыстар халықтың жартысына жуығын құрады.

2009 жылы елде 3,8 миллион орыс (23,7%) болса, 2021 жылы олардың саны 3 миллионға жуықтаған (15,54%). Демек, бұл жылдары орыстар біртіндеп Ресейге көшіп отырған.

Алайда 2022 жылы жағдай күрт өзгерді: Ресейдің өзінен Қазақстанға жаппай көшу үдерісі байқалды. Кейбір есептерге сай, бұл жылы Ресейден Қазақстанға 80 мыңға жуық адам келген. Дегенмен олардың нақты саны, ұлты және кейін қайтқандары туралы нақты ақпарат жоқ.

Қазіргі болжам бойынша, Қазақстаннан Ресейге көшуі мүмкін этникалық орыстар саны 3 миллионға жуық. Алайда бұл тек теориялық көрсеткіш. Себебі Қазақстандағы орыс диаспорасы негізінен егде жастағы азаматтардан тұрады және олардың көшу ықтималдығы төмен. Сарапшылардың есебінше, елдегі орыстардың орташа жасы – 44 болса, қазақтардың орташа жасы – 23.

Бұл жағдай Ресейдің көші-қон саясатына әсер етуі мүмкін. Себебі ел ішінде еңбекке қабілетті жастағы халық саны азайып барады, ал сырттан келетіндер де азайған. Осы орайда, Ресей үкіметі бағдарламаны қайта қарап, оған қызығушылықты арттыру үшін жаңа тетіктер ойластыруы ықтимал.