Ресей Қазақстанға кеткен ресейліктерден 2 жылдық салықты талап етіп жатыр

Ресей мен Қазақстан арасында қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісім бар болғанына қарамастан, Ресей Федералдық салық қызметі (ФНС) соңғы айларда Қазақстанға көшкен ресейліктерден 2022-2023 жылдарға арналған табыс салығын (НДФЛ) толық көлемде төлеуді талап етіп жатыр.
Бұл туралы 7 шілдеде “Ведомости” басылымы хабарлады.
Заңгерлердің айтуынша, Қазақстанда тұрып, қашықтан жұмыс істейтін азаматтар маусым айынан бастап ФНС-тен салық төлеу туралы хабарламалар ала бастаған. Олардан Ресей заңнамасы бойынша 13% немесе 15% мөлшерінде НДФЛ төлеу талап етілген. Бұл ретте олардың Қазақстанда 5–20% көлемінде жеке табыс салығын (ИПН) төлегені ескерілмеген. Яғни, азаматтар қосарланған салық салу жағдайына тап болды.
Салық мәселесімен айналысатын заңгерлердің айтуынша, ресейлік салық органдары “қашықтан жұмыс Ресей аумағында атқарылды” деп есептейді, сондықтан салықты да Ресейге төлеу керек деген уәж айтады.
Алайда бұл талапқа Қазақстан мен Ресей арасында 1996 жылдан бері әрекет етіп келе жатқан қосарланған салық салуды болдырмау жөніндегі конвенцияға қайшы келеді. Тиісті келісім бойынша, егер табыс бір мемлекетте салық салынса, екіншісінде ол қайталанбауы тиіс.
Мәселенің түйіні неде?
- Ресейлік салық қызметі азаматтардың Қазақстанда салық төлегенін салық декларациялары арқылы білсе де, оны ескермей отыр;
- Көшіп кеткендердің қашықтан табыс тапқаны – Ресей аумағында қызмет атқарған деп бағалануда;
- Заңгерлер бұл конвенцияны бұзу және салық салудағы заңсыз әрекет деп санайды.
Бұл жағдай қашықтан жұмыс істейтін мыңдаған ресейлік азаматқа әсер етуі мүмкін.
Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары қашықтан жұмыс істеудің кең таралуы, сонымен қатар жеке тұлғалар мен компаниялардың Қазақстанға жаппай көшіп баруы Ресей салық органдарының назарын аудартқан. Салдарынан шетелдік компаниялардағы ресейлік қашықтан қызметкерлер қосарланған салық салуға іліккен.
Егер қызметкер Ресей аумағынан тыс жерде жұмыс істесе, бірақ Ресейдің салық резиденті мәртебесін сақтаса, ол адамның іссапарда болғанын растайтын құжаттар ұсынылуы тиіс.
ФНС өкілдері атап өткендей, салық резиденті мәртебесін сақтау автоматты түрде қызмет Ресейде орындалды дегенді білдірмейді. Яғни, жұмыстың нақты қайда орындалғаны шешуші фактор болып саналады.
2022 жылдың қыркүйегінде Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін, 400 мыңнан астам ресейлік Қазақстанға қоныс аударған. Алайда, 2023 жылдың соңына қарай елде шамамен 80 мың адам ғана қалған, деп мәлімдеген Ресейдің Алматыдағы бас консулы Дмитрий Тураев. Оның айтуынша, Қазақстанды таңдауына визасыз режим мен тілдік кедергінің болмауы әсер еткен. Дипломат бұл көші-қонның “эмоциямен жасалған қадам” екенін де атап өткен.
ФНС шетелде жұмыс істейтін ресейліктерден нақты құжаттық дәлелдер талап етіп отыр. Бұл шаралар салықтың заңсыз айналып өтуіне жол бермеу мақсатында қолға алынғанымен, қосарланған салық салу мәселесі мен азаматтар үшін құқықтық қиындықтар тудырып отыр.