Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:56, 25 Шілде 2025

Ресей Қазақстанға мұнайға қатысты өтініш жасады

Мұнай
Фото: ашық дереккөз

2025 жылдың мамыр айынан бастап Ресей Қазақстан арқылы Қытайға экспортталатын мұнай көлемін арттыруды сұрап келеді. 

Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей тарапы қосымша 2,5 миллион тонна мұнай тасымалдау мүмкіндігін қарастыруды өтінген.

Қазіргі таңда Ресей Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жыл сайын шамамен 10 миллион тонна мұнай жеткізеді. Енді бұл көлемді 12,5 миллион тоннаға дейін арттыру мәселесі күн тәртібінде тұр.

Келіссөздер жүріп жатыр. Энергетика министрлігі бұл бастама бойынша ресми келіссөздердің жалғасып жатқанын растады. Мәскеудің өтініші тиісті үкіметаралық келісімге түзету енгізуді қажет етеді, сондықтан тараптар мұқият дайындық жүргізуде. Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің жұмыс тобы құрылған. Қазіргі уақытта «ҚазТрансОйл» АҚ пен ресейлік «Транснефть» компаниялары техникалық мәселелерді, соның ішінде Қазақстан аумағындағы мұнай құбырлары бойында қосымша айдау станцияларын салу мүмкіндігін талқылап жатыр.

Еске салайық, 2024 жылдың мамыр айында Ресей вице-премьері Александр Новак Қытайға жеткізілетін мұнай көлемін Қазақстан арқылы 2,5 миллион тоннаға арттыруға дайын екендерін мәлімдеген еді. Осыған байланысты Ресей үкіметі ҚХР-мен арадағы үкіметаралық келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттама жобасын мақұлдаған болатын.

Мамандардың айтуынша, бұл бастама Ресейдің Қытай нарығындағы үлесін арттыруға бағытталған, ал Қазақстан үшін бұл – транзиттен қосымша пайда табуға мүмкіндік. Алайда техникалық инфрақұрылымның дайындығы мен келісімдердің заңдық негізі маңызды рөл атқаратын болады.