Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:10

Ресей Қазақстанның тағы екі ақпарат агенттігінің сайттарын бұғаттауды талап етті

В
Фото: ашық дереккөз

Ресей тарапы Қазақстанның тағы екі БАҚ-ына – Ulysmedia.kz пен Cmn.kz сайттарына қолжетімділікті шектеуді талап етті.

Бұл туралы ҚазТАГ жазды.

Тиісті шешімді Мәскеу қалалық соты Данилова Дорина Ирековнаның өтініші негізінде қабылдаған. Ол авторлық құқықтарды қорғау аясында қамтамасыз ету шараларын қолдануды сұраған.

Сот ұйғарымында Роскомнадзорға «Олигарх Турлов отмахнулся от вопроса о жертвах „Фридом Финанс“» және «Возмущение в соцсетях: Freedom Bank блокирует счета клиентов и требует отчета за каждый тенге» атты жарияланымдарды интернетте орналастыру мен таратуды қамтамасыз ететін техникалық мүмкіндіктерді тоқтату міндетін жүктеу қажеттігі айтылған.

Сондай-ақ сот бұғаттауға жататын нақты сілтемелерді де көрсеткен. Алайда редакциялар атап өткендей, бұл материалдардың авторлары – қазақстандық БАҚ-тардың өздері. Ал сот шешімінде автор ретінде Данилова көрсетілген.

Бұған дейін осындай талаптар ҚазТАГ ақпарат агенттігінің сайтына да қойылған болатын. Ол кезде Роскомнадзор Freedom Finance компаниясына қатысты жарияланымдар мен агенттік басшылығына байланысты тергеу материалдарына сілтеме жасай отырып, ресурсты бұғаттауды талап еткен.

ҚазТАГ редакциясы ресейлік тарап бұғаттауға негіз ретінде «авторлық құқықтың бұзылуын» көрсеткенін, алайда сөз баспасөз конференциялары мен адвокаттар және салымшылар мәлімдемелері туралы материалдар жөнінде болғанын мәлімдеді. Агенттік бұл шешімді заңсыз деп санайды.

Сонымен қатар, бұған дейін Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы келісімдер бойынша Ресейге авторлық құқық бұзушылықтары уәжімен Қазақстан аумағында сайттарды бұғаттау тетігі берілуі мүмкін екені хабарланған.

Осыған байланысты ҚазТАГ Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Әділет министрлігіне, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігіне ресми сауал жолдап, қазақстандық провайдерлер мен БАҚ Роскомнадзор талаптарын орындауға міндетті ме және елдің ақпараттық егемендігін қорғау үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын түсіндіруді сұрады.

Бұл жағдай ҚазТАГ басшылығына қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында өрбіп отыр. Редакция мәліметінше, іс Freedom Finance компаниясынан зардап шеккен салымшылар туралы жарияланымдармен байланысты.