Ресей Киевке шабуыл жасады: ондаған жаралы, қалада өрт шықты

6 маусымға қараған түні Ресей Киевке жойқын соққы жасады: метро зақымданды, көптеген адам зардап шекті.
2025 жылғы 6 маусым түнінде Ресей әскері Украина астанасы Киев пен бірнеше қалаға жаппай зымырандық соққылар жасады. Украиналық ресми деректерге сәйкес, Киевте кемінде төрт адам қаза тапты, екі ондықтан астам адам жараланған.
УНИАН агенттігінің хабарлауынша, қалада ауқымды қираулар орын алған. Азаматтық инфрақұрылым нысандары, тұрғын үйлер, автокөліктер мен метро жолдары зақымданған. Зымыран соққысы Киевтің алты ауданын қамтыған. Соққылардан кейін қалада бірнеше жерде өрт шықты — бұған әуеде атып түсірілген зымырандардың қалдықтары себеп болған.
Киев қаласының мэрі Виталий Кличко ресми түрде төрт адамның қаза тапқанын, тағы 20 адамның жараланғанын мәлімдеді. Оның ішінде 16 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Метрополитеннің зақымданған бөліктерін қалпына келтіру жұмыстары басталды, жұмыстар шамамен бір тәулікке созылады.
Украина билігінің хабарлауынша, дәл осы түні Ресей әскерилері дрондар мен зымырандар арқылы Луцк және Тернополь қалаларын да атқылаған. Нәтижесінде Тернопольдің кейбір бөліктерінде электр жарығы сөнген.
Киевке жасалған бұл шабуыл Украина жүргізген "Өрмек" атты арнайы операцияға жауап ретінде бағалануда. Сол операция барысында украин дрондары Ресейдің бес аймағындағы әскери аэродромдарда тұрған ондаған бомбалаушы ұшақтарды жойған. Ресейлік БАҚ деректеріне сүйенсек, әскери ұшақтарды жарып жіберуге күдікті ретінде Украина тумасы Артём Тимофеев танылып, ол операция басталардан төрт күн бұрын Астанаға кетіп қалған.