Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:41

Ресей Қорғаныс министрлігі 2025 жылы Украинадағы соғысқа 11 трлн рубль жұмсады

украина
Фото: Getty Images

Ресей мемлекеттік бюджетінен Украинаға қарсы соғысқа тікелей байланысты шығындар 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 5,1 пайызына жетеді. Бұл туралы тәуелсіз журналист Фарида Рустамова жүргізетін Faridaily Telegram-арнасы РФ Қорғаныс министрі Андрей Белоусовтың министрлік алқасындағы таныстырылымында жарияланған деректерге сүйеніп хабарлады.

Берілген мәліметке сәйкес, Ресейдің Экономикалық даму министрлігі 2025 жылы елдің ЖІӨ-і 217,3 трлн рубль болады деп болжайды. Осы көрсеткішке сүйене отырып, Faridaily соғысқа жұмсалатын тікелей шығынды шамамен 11,1 трлн рубль деп бағалайды. Арна атап өткендей, Қорғаныс министрлігі Кремльдің Украинадағы соғысқа тікелей кететін шығын көлемін алғаш рет ресми түрде ашып отыр.

Бұған дейін тек федералдық бюджеттегі «Ұлттық қорғаныс» бабы бойынша жалпы шығындар ғана белгілі болған. 2025 жылы бұл бапқа 13,5 трлн рубль қарастырылған. Аталған сомаға жаңа қару-жарақ өндіру, құрылыс және өзге де шығындар кіреді. Faridaily дерегінше, осы қаржының шамамен 82 пайызы тікелей Украинадағы соғысқа бағытталған. Ал сол жылы бюджеттегі «Әлеуметтік саясат» бабы бойынша шығындар 6,88 трлн рубльді құраған.

Берлиндегі Ғылым және саясат қорының (SWP) зерттеушісі Янис Клугенің есептеуінше, 2022 жылы Украинада соғыс басталғалы Ресей салық төлеушілеріне 42,343 трлн рубль, яғни 542 млрд доллар шығын әкелген. Клугенің бағалауы Қорғаныс министрлігі келтірген деректерден өзгеше.

Неміс зерттеушісінің айтуынша, 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Ресейдің федералдық бюджетіндегі әскери шығындар рекордтық 11,854 трлн рубльге жеткен. Осы кезеңде Ресейдің әскери шығындары айына 1,32 трлн рубль, тәулігіне 43,4 млрд рубль, ал сағатына 1,9 млрд рубль болған.

Бұған дейін Reuters агенттігі дереккөздерінің хабарлауынша, тіпті бейбіт келісім жасалған күннің өзінде де Ресей қарулануға жұмсалатын шығындарды қысқартуды жоспарлап отырған жоқ.