Ресей мен Иран өзара қолдауын күшейтті: Путин Иранның СІМ-мен кездесті

Кремльдегі кездесу Иран мен Израиль арасындағы шиеленістің үдей түскен шағында өтіп жатыр.
13 маусымнан бері Израиль Иран аумағына күн сайын соққы жасап келеді. Бұл операцияның мақсаты ретінде Иранның зымыран және ядролық бағдарламаларын жою аталды. Қақтығыс АҚШ-тың 22 маусымға қараған түні Ирандағы үш ядролық нысанға жасаған шабуылынан кейін тіпті ушығып кетті.
Кездесуді аша отырып, Ресей президенті Владимир Путин Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчиге:
«Құрметті министр, сізді көргеніме қуаныштымын. Қош келдіңіз. Сіз Ресейге өте күрделі әрі шиеленісті кезеңде сапарлап келіп отырсыз – аймақта және сіздің елдің айналасында жағдай қатты ушығып тұр», - деді.
Путин Мәскеудің Иран мен Израиль арасындағы жанжалға қатысты ұстанымы белгілі екенін атап өтті:
«Бұл ұстаным Ресей Федерациясы атынан Сыртқы істер министрлігі арқылы нақты және анық айтылды. Сіз біздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі және Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ресми позицияларымызды жақсы білесіз», - деп түйіндеді Ресей басшысы.
Кеше жарияланған Ресей Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, Мәскеу АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарға жасаған шабуылдарын қатаң айыптайды. Бұл – БҰҰ Жарғысын өрескел бұзатын жауапсыз шешім деп бағаланды. Ресейдің сыртқы саясат ведомствосы агрессияны дереу тоқтатуға және жағдайды саяси-дипломатиялық жолмен шешуге мүмкіндік жасайтын жағдай қалыптастыру бағытында күш салуға шақырды.
Ресей президентінің негізгі мәлімдемелері
- Мәскеудің Иран мен Израиль арасындағы жағдайға қатысты ұстанымы белгілі, ол Ресей Сыртқы істер министрлігі арқылы жарияланған;
- Иранға қарсы ештеңемен арандатылмаған агрессияның еш негізі де, ақталуы да жоқ;
- Иран Ислам Республикасының сыртқы істер министрінің Ресейге сапары қалыптасқан жағдайдан шығу жолдарын талқылауға мүмкіндік береді.
«Бізде Иранмен көп жылдан бері қалыптасқан достық әрі сенімді қарым-қатынас бар. Ресей тарапынан біз Иран халқына қолдау көрсету үшін барынша күш салып жатырмыз», - деді Путин.

Иран сыртқы істер министрінің мәлімдемелері
- Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына Израиль мен АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылдары себеп болып отыр;
- Тегеран Тель-Авив пен Вашингтонның әрекеттерін заңсыз деп санайды, Ислам Республикасы өзін қорғауға толық құқылы;
- Ресей мен Иран барлық бағыттар бойынша, әсіресе жаһандық қауіпсіздік мәселелерінде тұрақты түрде кеңесіп отырады;
- Тегеран Израиль мен АҚШ-тың Иранға қатысты әрекеттерін айыптағаны үшін Мәскеуге алғыс білдіреді.
«Біз сондай-ақ бұл әрекеттерді батыл айыптағаны үшін Ресейге алғысымызды білдіреміз. Қазіргі таңда Ресей – тарих пен халықаралық құқық жағынан дұрыс тарапта тұр. Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеидің және Президент Пезешкиан мырзаның сізге ыстық сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізгім келеді», - деді министр.