Ресей мен Өзбекстан республикаға ішкі төлқұжатпен кіруге келісті

Мәскеу мен Ташкент Ресей азаматтарының Өзбекстанға ішкі төлқұжатпен кіруінің бірқатар аспектілерін бекітеді.
Бұл туралы «Известия» хабарлады.
"Осы мәселе бойынша келіссөздер процесі жалғасуда және қажетті мемлекетішілік рәсімдерден өтуде. Қазіргі уақытта тараптар жекелеген аспектілер бойынша жұмысты ұйымдастырып жатыр, сондықтан нақты іске асыру мерзімдері туралы айту әлі ерте", - деп хабарлаған РФ СІМ баспасөз қызметі.
Бұған дейін мамыр айында Өзбекстан Ресей, Қазақстан және Әзірбайжан азаматтарының республика аумағына ішкі төлқұжатпен кіруіне рұқсат беруді жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.
Айта кетейік, 1 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Ресей Федерациясы мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы Ресей-Өзбекстан байланыстарының барлық салаларда одан әрі кеңейетініне сенім білдірді. Оның айтуынша, бұл екі ел халқының мүдделеріне жауап береді және Орталық Азиядағы қауіпсіздікті сақтауға септігін тигізеді.