Ресей мен Украина арасындағы келесі келіссөз 1 ақпанда өтеді
АҚШ-тың арағайындық етуімен Ресей мен Украина делегациялары арасындағы келесі тікелей келіссөз 2026 жылғы 1 ақпанда Абу-Дабиде өтеді.
Бұл туралы америкалық ресми өкіл журналистермен өткен телефон конференциясында мәлімдеді.
АҚШ өкілінің айтуынша, 23-24 қаңтар күндері Абу-Дабиде өткен алғашқы тікелей келіссөздер «маңызды қадам» болған. Оның сөзінше, тараптар келіссөз барысында өзара сыйластық танытып, нақты шешімдерге қол жеткізуге тырысқан.
«Біз барлық ұсақ-түйекке дейін талқыладық. Құдай қаласа, келесі жексенбіде өтетін кездесу бұл процесті түпкілікті аяқтауға бір табан жақындатады», – деді америкалық шенеунік.
Бұл бағалауды кейін АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф та растады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында келіссөздердің конструктивті өткенін және талқылаулардың келесі аптада жалғасатынын жазды.
Мәскеудегі кездесу де «өнімді» болды
АҚШ тарапы 22 қаңтар күні Мәскеуде өткен кездесуді де оң бағалады. Аноним дереккөздің айтуынша, Владимир Путин мен АҚШ делегациясы арасындағы келіссөз шамамен төрт сағатқа созылып, «өте мазмұнды әрі нәтижелі» өткен. Кездесуде соғысқа қатысты әлі де шешілмеген мәселелер талқыланған.
Кездесу қорытындысы бойынша Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков «Анкоридж формуласы» аясында аумақтық мәселе шешілмейінше, ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін еместігін мәлімдеді.
Абу-Дабидегі екі күндік жабық келіссөздер
23-24 қаңтар күндері Абу-Дабиде Украина, Ресей және АҚШ өкілдері жабық режимде келіссөз өткізді. Украина делегациясын ҰҚК хатшысы Рустем Умеров басқарды. Келіссөзге сондай-ақ Украина президенті кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов қатысты. Ресей атынан Қорғаныс министрлігінің өкілдері, соның ішінде Бас штабтың бас басқарма жетекшісі Игорь Костюков болды.
Украина президенті Владимир Зеленский келіссөздерді оң бағалап, талқылаулардың соғысты тоқтатудың ықтимал параметрлері мен қауіпсіздік кепілдіктеріне бағытталғанын айтты.
Бұл соғыс басталғалы бері АҚШ ұсынған бейбіт жоспар аясында өткен алғашқы тікелей келіссөздер. Алайда тараптардың ұстанымы әлі де алшақ. Мәскеу Донбасс аумағынан украин әскерін толық шығаруды талап етіп отыр. Украина бұл талапты үзілді-кесілді қабылдамайтынын мәлімдеді.
Келіссөздердің алғашқы күнінен кейін Ресей Украинаға қарсы кезекті зымыран-дрон шабуылын жасаған. Киев билігі бұл әрекетті бейбіт процеске қарсы қадам ретінде бағалады.