Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:15

Ресей мен Украина арасындағы репатриация жалғасты: кезекті 1200 мүрде тапсырылды

Украина
Фото: Коор.штаб

Украина Ресейден қаза тапқан әскери қызметкерлердің мүрделерін қабылдауды жалғастырып жатыр.

Жексенбі, 15 маусым күні Украина азаматтарының мүрделерін репатриациялаудың кезекті кезеңі өтті. Ыстанбұлда жасалған келісімдерге сәйкес, Ресей өз тарапынан тағы 1200 мүрдені Украинаға тапсырды. Ресейдің мәлімдеуінше, бұл мүрделер украиналық әскери қызметкерлерге тиесілі.

Украинаның әскери тұтқындар мәселелері жөніндегі үйлестіру штабының хабарлауынша, алдағы уақытта құқық қорғау органдарының тергеушілері мен ІІМ-нің сараптама мекемелері барлық қажетті зерттеулерді жүргізіп, мүрделерді сәйкестендіреді.

РБК дерегінше, мүрделерді алғашқы тапсыру 11 маусымда жүзеге асқан: сол кезде Украина 1212 мүрдені, ал Ресей 27 мүрдені қабылдаған. Кейін 13 және 14 маусым күндері, Ресей тарапы біржақты тәртіппен Украинаға тағы 1200 мүрдеден тапсырған.

Ресей
Фото: коор.штаб

Репатриациялау шараларын жүзеге асыруға әскери тұтқындармен жұмыс жөніндегі үйлестіру штабы, Украина Қауіпсіздік қызметі жанындағы Біріккен орталық, Украина Қарулы Күштері, Украина ІІМ, Украина Жоғарғы Радасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің кеңсесі, Ерекше жағдайларда із-түзсіз жоғалғандар істері жөніндегі уәкілдің хатшылығы, ТЖМ және Украина Қауіпсіздік пен Қорғаныс секторының өзге де құрылымдары атсалысты.

Бұған дейін Ресей мен Украина 16 мамырда Ыстанбұлда өткен келіссөздерден кейін ірі әскери тұтқындар алмасуын жүзеге асырған болатын. Екі тараптан да 1000 адам бостандыққа жіберілген. Бұл — толыққанды соғыс басталғалы бері болған ең ірі алмасулардың бірі.

Сонымен қатар Ватикан Ресей мен Украина арасындағы жаңа келіссөздер кезеңін өткізу үшін алаң болуға дайын екенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Ресей мен Украина қаза тапқан әскери қызметкерлердің мүрделерін кең көлемде алмасу жөнінде келісімге келді. Украина тарапы бұл процесті «6000 мүрде 6000 мүрдеге» форматында өткізуді ұсынды. Алайда Ресей делегациясының басшысы, президенттің көмекшісі Мәскеудің украин солдаттарының 6 мың мүрдесін біржақты тәртіппен тапсыруға дайын екенін мәлімдеді.