Ресей мен Украина делегацияларының алғашқы кездесуі — негізгі тезистер

Бұл келіссөз — Ресей мен Украина арасындағы ұзаққа созылған қақтығыста бейбітшілікке ұмтылыстың алғашқы белгілерінің бірі ретінде қарастырылып отыр.
Келіссөздер Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фиданның төрағалығымен Долмабахче резиденциясында өтті. Кездесу шамамен 1 сағат 45 минутқа созылды.
Украина делегациясының басшысы Рустем Умеровтың айтуынша, тараптар оқ атуды тоқтату және тұтқындарды алмастыру мәселелерін талқылаған. Оның мәлімдеуінше, екі тарап ел басшылары деңгейінде кездесу өткізуге дайындық жүргізіп жатыр. Бұл — соғысты саяси жолмен шешуге бағытталған маңызды қадам болуы мүмкін.
Сонымен қатар Украина мен Ресей “1000 тұтқынға 1000 тұтқын” формуласы бойынша алмасу туралы келісімге келгені белгілі болды.
Ресей делегациясын басқарған Владимир Мединский де тұтқындарды алмастыру туралы келісімді растады. Ол Ресей келіссөздердің нәтижесіне риза екенін және контактілерді жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ Мединский Киевтің мемлекет басшылары арасындағы кездесу өткізу жөніндегі өтінішін Ресей тарапы назарға алғанын айтты.
Егер тараптар тұтқын алмасып, жоғары деңгейдегі кездесулерге бет бұрса, бұл қарулы қақтығыстың саяси арнаға өтуіне мүмкіндік беруі мүмкін. Сарапшылар екі ел арасындағы нақты келісімдерге келу оңай емес екенін, алайда осындай байланыстардың өзі дипломатиялық диалогтың жандануына жол ашатынын атап өтті.