Ресей мен Украина тұтқындармен алмасуды аяқтады

Ресей мен Украина Стамбұлдағы келіссөздерден кейін басталған әскери тұтқындармен ауқымды алмасуды аяқтады.
Келісім аясында әр тарап 1000 адамнан босатты. Бұл — кең ауқымды қақтығыс басталғалы бері жүзеге асқан ең ірі алмасулардың бірі.
Процесс үш күнге созылды. Тек 25 мамыр, жексенбі күні ғана әр елден 303 сарбаз өз еліне оралды.
Украинадағы Әскери тұтқындар мәселесі жөніндегі үйлестіру штабының хабарлауынша, босатылғандар қатарында Әскери-теңіз және Әуе күштерінің сарбаздары, десантшылар, ұлттық гвардия өкілдері, шекарашылар мен аумақтық қорғаныс күштерінің жауынгерлері бар.
«Босатылғандарға медициналық көмек, оңалту шаралары мен тиісті төлемдер көрсетіледі. Біз олардың қалыпты өмірге мүмкіндігінше тезірек оралуы үшін бар күшімізді саламыз», - деп мәлімдеді штаб.
Ресей тарапы да алмасу фактісін растады. Ресей Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, сарбаздар Беларусь аумағында, оларға медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде. Кейін олар әрі қарай емделу үшін Ресейге жеткізіледі.
Бұл алмасуға алып келген келіссөздер 16 мамырда Стамбұлда өткен. Бұл — 2022 жылдан бері Украина мен Ресей өкілдері арасындағы алғашқы тікелей келіссөздер. Делегацияларға Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский мен Украина Қорғаныс министрі Рустем Умеров жетекшілік етті. БАҚ дерегінше, бұл бастама Түркия тарапынан көтерілген — тараптар арасындағы диалогты қайта жандандыру мақсатында қозғалған.
Бұл алмасу 2025 жылы жүзеге асқан алтыншы келісім болды. Алдағы келіссөздер мүмкіндігі әзірге талқылану үстінде. Еске салайық, келесі кездесуге алаң ұсынуға Ватикан дайын екенін мәлімдеді.