Ресей Молдованы күзде бақылауға алғысы келеді: сайлауға араласып жатыр

Кишиневте Молдова Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің отырысы өтті.
Онда ел президенті Майя Санду Ресейдің парламент сайлауына араласуы мүмкін екенін айтып, қауіптенетінін жеткізді. Бұл туралы TV8 телеарнасы хабарлады.
Сандудың сөзінше, Ресей билігі 2025 жылдың күзінде Молдованы бақылауына алуға тырысып отыр және қыркүйектегі сайлауға бұрын-соңды болмаған араласуға дайындалып жатыр. Ол үшін Ресей түрлі саяси жобаларға қаржы құйып, парламентке өз адамын өткізуге әрекет етуде.
Президент бұл тұста Молдова аумағынан тыс жерде жүрген, Ресейге жақын бизнесмен Илан Шордың ықпалындағы саяси желіні атап өтті. Айта кетейік, 19 шілдеде Молдова ОСК «Жеңіс» атты, Шормен байланысы бар саяси блокты 28 қыркүйекке белгіленген сайлауға қатысу үшін тіркеуден бас тартқан болатын.

Майя Санду Ресейдің ықтимал араласу тәсілдеріне мыналарды жатқызды:
- сайлаушыларды парамен сатып алу,
- шетелдік заңсыз қаржыландыру (оның ішінде криптовалютаны қолдану),
- ақылы митингілер ұйымдастыру,
- цифрлық және басқа да инфрақұрылымдарға жасалатын кибершабуылдар.
Сондай-ақ, Санду Telegram мессенджерін де сынға алды. Оның айтуынша, мессенджер молдаван билігінің сұрауларына жауап бермейді, бірақ соған қарамастан Telegram наразылықтарды ұйымдастыру және пара беру схемаларын жүргізу үшін кеңінен қолданылып жатыр.