Ресей «Орешник» кешенін Беларусьте орналастырғанын растады
Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі «Орешник» зымыран кешенінің Беларусь Республикасының аумағында жауынгерлік кезекшілікке кіріскенін мәлімдеді.
Бұл туралы ведомство ресми Telegram-арнасында хабарлады.
Хабарламаға «Орешник» кешені алғаш рет көрсетілгені айтылатын бейнематериал да қоса жарияланған. Ресейлік РИА «Новости» және ТАСС агенттіктерінің жазуынша, аталған қару жүйесінің алғашқы ашық көрсетілімі.
Орналасқан жері жарияланбады
Ресей Қорғаныс министрлігі «Орешник» кешенінің Беларусь аумағындағы нақты орналасқан жерін ашып айтқан жоқ. Бұған дейін халықаралық қауіпсіздік саласының сарапшылары Миддлбери халықаралық зерттеулер институтының өкілі Джеффри Льюис пен CNA талдау орталығының сарапшысы Декер Эвелет спутниктік суреттерге сүйене отырып, зымыран кешені Беларусьтің шығысындағы Кричев қаласының маңында орналасуы мүмкін екенін болжаған.
Кричев қаласы Минскіден шамамен 300 шақырым, ал Украина шекарасынан 180 шақырым қашықтықта орналасқан.
Лукашенконың мәлімдемесі
10 желтоқсанда Беларусь басшысы Александр Лукашенко Ресейден Беларусь аумағына «ондаған» тактикалық ядролық оқтұмсық әкелінгенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, «Орешник» зымырандары кеңес дәуірінде стратегиялық ядролық қарулар тұрған алаңдарға орналастырылады.
Лукашенконың сөзінше, Беларусь аумағында мұндай нысандар шамамен 30-ға жуық. Ол бұл қаруларды орналастыруды агрессия емес, керісінше, «аймақтағы жағдайдың ушығуына және заманауи қауіп-қатерлерге жауап шарасы» деп сипаттаған.
Ресей президенті Владимир Путин 2024 жылғы 21 қарашада Ресей Украинадағы Днипро қаласына ядролық емес гипердыбысты баллистикалық зымыранмен соққы жасағанын, бұл үшін «орта қашықтықтағы ең жаңа ресейлік жүйе – «Орешник» қолданылғанын айтқан еді.
Путиннің мәлімдеуінше, «Орешник» зымыранының ұшу қашықтығы 1000-нан 5500 шақырымға дейін жетеді.