Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:55, 23 Қараша 2023

Ресей паспорты жазадан құтқарғанмен, ажалдан құтқара ма?

Украина
Фото:

Қазақстандық азаматтардың Ресей үшін Украинада соғысып жүргені халықаралық аренада елімізге абырой әкелмейді. 

Бұл туралы запастағы подполковник, тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарға қатысушылардың «Ардагерлер» одағы бірлестігінің төрағасы Мұрат Мұхамеджанов мәлімдеді. Жуырда қазақстандық бір азамат Украинадағы соғысқа баратыны туралы келісімшартқа қол қойып, Ресей Федерациясының азаматтығын алыпты.

Қазақстанмен шекараласатын Новосибирск облысына қарасты Бердск қаласының Роман Бурдин мен «Единая Россия» партиясының жергілікті жердегі басшысы Владимир Голубев қазақстандық Павел Конторбаевқа және әйеліне Ресейдің паспортын берді.

Ресей әскері Украинаға басып кіргенде КСРО құлағаннан кейін Ресейде үлкен эмиграция толқыны жүрді. Мобилизациядан қашқандардың саны 500 мыңнан бастап 1,3 млн адамға жетті деген дерек бар. Әрине, ресми Мәскеу нақты қашқандар санын айтуға ынталы емес. Ресей президенті Владимир Путин биылғы жылдың мамыр айында соғысқа баруға келісімшартқа отырған шетелдік азаматтарға Ресей паспортын жеңілдікпен беру туралы жарлыққа қол қойған. Қазақстандық азамат осы жолмен ең бірінші Ресей азаматы атанған бірінші адам екен. Вашингтонда орналасқан стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының мәліметінше Украина майданында 2023 жылдың ақпан айына дейінгі есеп бойынша қаза болып жараланған ресейлік жауынгерлер саны 250 мыңға жеткен. BBC-дің орыс қызметінің хабарлауынша, оққа ұшқандардың көбі әскери дайындықтан толық өтпегендер, еріктілер мен Өзбекстан, Тәжікстан және қырғызстандық еңбек мигранттары. Ресей билігі соғыс басталғалы көршілес елдердің азаматтарын түрлі жолдар арқылы майдан шебіне тартуда. Еңбек мигранттарын паспортымен қызықтырса, Қазақстан азаматтары пропаганда құрбаны болып жатыр.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали Ресейдің көршілерін соғысқа араластыруы амалсыздан жасалып отыр деген пікірде.

«Ресейде қазір соғысқа құмар партия билікте отыр. Соңғы жылдары Путин мемлекетін тығырыққа тіреді. Санкциялардың астында қалды. Экономика күйреді, елдің тұрмысы жүдеу. Өз халқының назарын басқаға бұру үшін соғыс бастады. Ресми Мәскеу соғысқұмар болғанымен, тұтас орыс халқы қолына қару алуға пейілді дей алмаймыз. Олар Қазақстан, Қырғыз Республикасы сынды пост кеңестік елдердегі диаспораларын соғысқа салғысы кеп тұр. Біздегі орыстар тәуелсіздік алғалы отыз жылдан асса да толықтай мемлекеттік тілді білмейді. Үйренгісі де жоқ. Тіпті КСРО әділетсіз бөлінді, Қазақстан Ресейдің бір бөлігі деп қарайтындар да бар. Жалған патриотизмге салынып, тарихи Отаным үшін соғысам дегендерге бара ғой деу керек», – дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Саясаттанушы айтпақшы, Украина жеріне тек қазақстандық орыстар ғана аттанып жатқан жоқ. Мәселен, осы жылдың мамыр айында Украина соты Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Шыңғыс Сейпиев есімді жерлесімізді «Вагнер» жеке әскери компаниясы арқылы соғысқаны үшін тоғыз жылға соттады. Өзге елге барып соғысқан азаматтарымыз Қазақстанда да жазаларын алып жатыр. Алайда көп жағдайда олардың аты аталып, қоғамда ашық талқыланып жатқан жоқ. Табытпен кеп жатқандардың да есім-сойы бүркеулі. Шығыс Еуропада шиеленіс басталғалы қаншама азаматымыз соғысқа қатысқаны туралы ресми органдар нақты ақпарат таратқан емес. Алайда түрлі дереккөздердегі ақпараттар адамды шошытады. Еуразиялық аналитикалық клуб басшысы, саясаттанушы Никита Мендкович «Арнайы әскери операцияда» 1000 қазақстандық қатысып жатыр деп мәлімдеді. Ал біздің тараптан бұған қатысты бірде-бір сөз айтылған жоқ. Тіпті Павел Конторбаев жайлы алғашқы ақпарат шетелдік БАҚ-та шықты.

«Ресей Федерациясы үшін соғысамын деп, сол елдің төл құжатын алғандарды Қазақстан азаматтығынан айыру керек. Біздің заң бойынша қос азаматтық болмайды. Қазақстан азаматтарының Ресейге барып төлқұжат алып, Украинадағы майданға аттануы халықаралық аренада абырой әпермейді. Мемлекетімізге сөз тиеді. Естеріңізде ме, осы жылдың қыркүйек айында Германияға барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның санкция шарттарын қатаң сақтайтынын айтты. Бізге Қазақстан азаматтары Украинаға соғысуға аттанып жатыр деген атқа қалмау керек. Телеарналарда бұл соғыстың арнайы операция емес, соғыс екенін ашық айту керек. Ақиқатын білмей, Ресей пропагандасына сеніп жүргендер бар», – дейді запастағы подполковник, тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарға қатысушы, «Ардагерлер» одағы бірлестігінің төрағасы Мұрат Мұхамеджанов.

Қазақстан заңы бойынша шет мемлекет аумағындағы соғыс қимылдарына қатысқан адам қылмыстық кодекстің 172, 174, 180-бабы бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Енді Ресей соғысуға ниетті жерлестерімізді өз паспортын беріп, жазадан құтқарып қалмақ. Ауған соғысының ардагері Байдәулет Дәркенбаев совет кезінде ауған даласының құмында талай қазақтың қаны төгілді. Енді азат елдің әрбір азаматы өз Отанымыздың ғана тыныштығын күзетуі тиіс дейді.

«Әрбір Қазақстан азаматы тек қана Қазақстан шекарасының бүтіндігін ойлауы керек. Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс ол екі ел арасындағы мәселе. Кезінде еліміз КСРО-ның құрамында болды. Біз Отанға ант бердік. Сондықтан Ауған соғысына бардық. Қазір еліміз тәуелсіз. Құдайға шүкір, бейбітшілікте өмір сүріп жатыр. Барлық азамат сол бейбітшілікті сақтап қалу жағын ойлауы тиіс. Соғыстың алдын алумен күн сайын айналысу керек. Қазақстан азаматтарының бөтен елдердің арасындағы соғысқа аттануын қолдамаймын. Мемлекет, қоғам болып жастарды отансүйгіштікке баулып, ұлттық идеологияны қолға алуы қажет. Ресейдің ақпараты мен пропагандасынан азаматтарымызды қорғауымыз керек. Қазір ақпараттар заманы. Ақпараттық соғыста жеңімпаз болып, маңайымызды біліммен жаулаған ләзім», – дейді Алматы қаласындағы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Байдәулет Дәркенбаев.

Қанат Тілеухан