Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:16, 02 Желтоқсан 2025

Ресей Покровск пен Волчанскіні алғанын мәлімдеді, Украина бұл ақпаратты жоққа шығарады

Покровск
Фото: news.sky.com

Ресей Қарулы күштері Бас штабының бастығы Владимир Путинге Покровск пен Волчанск қалалары үстінен бақылау орнатылды деп баяндама жасады. Ал Киев болса, Ресей армиясы кей бағыттарда алға жылжығанына қарамастан, аталған елді мекендер үшін шайқастар жалғасып жатқанын айтады.

Ресейдің мәлімдемесі

Ресей Бас штабының бастығы Валерий Герасимов 30 қарашада Путиннің Украинадағы Біріккен әскер топтарының басқару пунктіне жасаған сапары кезінде Донецк және Харьков облыстарындағы Покровск пен Волчанск қалалары алынғанын хабарлаған. Бұл ақпаратты 1 желтоқсанда Кремль өкілі Дмитрий Песков таратты.

Кремль сайтындағы мәліметке сенсек, «Шығыс» және «Орталық» әскер топтарының командирлері Андрей Иванаев пен Валерий Солодчук Путинге Мирноград қаласының оңтүстік бөлігі бақылауға алынғанын, сондай-ақ Запорожье облысындағы Гуляйполені алу операциясы басталғанын да жеткізген.

Украина: Шайқас жалғасып жатыр

Украина Қарулы күштері Бас штабы кешкі есепте Покровск бағытындағы ұрыстардың тоқтамағанын мәлімдеді.

«Тәулік ішінде жау Новое Шахово, Дорожное, Никаноровка, Белицкое, Шахово, Родинское, Мирноград, Новоэкономическое, Ровно, Покровск, Зверовое, Котлино, Удачное, Молодецкое, Новоподгородное, Филия маңайында және Гришино бағытында 49 рет шабуылға өтті. Қазіргі уақытта бес бағытта ұрыс жүріп жатыр», - делінген ресми хабарламада.

Бас штаб Волчанск маңындағы ұсоғыстың да жалғасып жатқанын атап өтті. Украина әскерінің жаңа позицияларға шегінгені туралы ақпарат берілмеді.

Зеленский: Ресейдің мәлімдемесі шындыққа жанаспайды

1 желтоқсан күні Парижде Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесуден кейінгі брифингте Владимир Зеленский Покровск пен Волчанск алынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Сонымен қатар ол Покровск бағытындағы жағдайдың "әлі де ауыр" екенін айтты.

Жалған ақпаратқа қарсы орталық: Ресей «бәсті көтеріп отыр»

Украина ҰҚМК жанындағы Дезинформацияға қарсы орталық басшысы Андрей Коваленко Ресейдің бұл мәлімдемесін Батыс аудиториясына арналған саяси маневр деп атады. Оның айтуынша, Волчанск әлі де Украина бақылауында. Сол сияқты, бұған дейін Ресей алдық деп мәлімдеген Купянск қаласы да шын мәнінде Украина жағында қалып отыр.

Ал фронттағы жағдайды бақылайтын OSINT-проектілердің карталарында да Покровск те, Волчанск те Ресей әскерінің толық бақылауында деп көрсетілмеген.

Дегенмен DeepState жобасы қараша айының басында Ресей армиясының басып алу қарқыны артқанын, бір апта ішінде 134 шаршы шақырым аумаққа ілгерілегенін хабарлаған. Бұл – қазан айындағы көрсеткіштен екі есе көп.

ISW: Ресейдің алға жылжуына дрондар мен ауа райы көмектесті

АҚШ-тағы Соғысты зерттеу институтының (ISW) талдауынша, әсіресе Покровск маңындағы Ресейдің ілгерілеуіне Украина әскерінің логистикасына жасалған дрондық шабуылдар үлкен әсер еткен. ISW 15 қарашадағы есебінде фронттың бірқатар бөліктерінде, оның ішінде Покровск және Гуляйполе бағытында тұман мен жауын-шашын Ресей армиясының қозғалысына қолайлы жағдай туғызғанын атап өткен.

Тегтер: