Ресей роботы рингке шықпай жатып нокаутқа түсті
2025 жылы қарашада Мәскеуде таныстырылған AIDOL атты адам кейіпті жаңа роботтың сахнадағы дебюті күтпеген жерден аяқталды. Гуманоид бірнеше қадам жасап үлгермей жатып, теңселіп барып құлап қалды.
Бұл сәттің бейнежазбасы интернетте лезде таралып, қоғам тарапынан кеңінен талқыланып, мазаққа ұшырады. Әлеуметтік желілерде ол сансыз мем мен әзілдердің өзегіне айналды. Көпшілік бұл оқиғаны жай техникалық ақау деп қана қоймай, астарында символикалық мән бар оқиға ретінде қабылдады.
Әлемдегі робот жасау өндірісінің даму деңгейі
Бүгінде әлемде робототехника өндірісі қарқынды дамып, ірі державалар бұл салада өзара бәсекеге түскен. Өнеркәсіптік автоматтандыру әсіресе шапшаң өсіп келеді. 2023 жылдың соңында жаһан бойынша фабрикаларда 4,28 миллионнан астам робот жұмыс істеп тұр. Бұл бұрын-сонды болмаған рекордты көрсеткіш. Жаңа роботтарды ең көп жасап жатқан Азия мемлекеттері, әсіресе Қытай, 2023 жылы әлемде жасалған әрбір екі жаңа роботтың бірі Қытайдың үлесінде. Қытай кейінгі жылдары робототехникаға орасан инвестиция құйып, 2022 жылы жаһандық жаңа роботтардың 50 пайызын құрастырды. Жапония мен Оңтүстік Корея да көшбасшылар қатарында. Оңтүстік Корея өнеркәсіпте әр 10 мың жұмысшыға 1 012 роботтан келетін әлемдегі ең жоғары роботтандыру деңгейіне жетті. Ал Жапонияда бұл көрсеткіш 419 робот шамасында. Ал АҚШ-та 10 мың жұмысшыға 295 роботтан келеді (әлемде 10-орын). Яғни, Азияның технологиялық алпауыттары роботтандыру қарқыны бойынша Батыстан оқ бойы озық тұр.
Мұндай жетістіктерге жетуде жоғары технологияға құйылған инвестиция мен жасанды интеллектіні (ЖИ) интеграциялау басты рөл атқаруда. Мәселен, АҚШ-та мемлекеттік бағдарламалар (DARPA секілді) мен жеке корпорациялар роботтарды дамытуға миллиардтаған доллар жұмсап келеді. Соның нәтижесінде соңғы үлгідегі адам тектес машиналар пайда болып жатыр. Мысалы, америкалық Boston Dynamics компаниясының Atlas роботы күрделі акробатикалық қимылдарды (жүгіру, сальто, секіру) еркін жасап, тепе-теңдігін керемет сақтайды. Tesla компаниясының Optimus роботы және Figure стартапының гуманоидтары да адам еңбегін алмастыруға бағытталған жұмысшы-роботтар ретінде жасалып жатыр. Жасанды интеллектінің дамуы роботтардың үйрену қабілетін арттырып, күрделі, күтпеген жағдайларға бейімделуіне жол ашты. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі озық роботтарға генеративті AI технологиялары тәжірибе жүзінде «жаттықтырушы» болып, оларды барған сайын ақылды ете түседі. Ал қоғамда роботтардың күнделікті өмірге енуіне қатысты пікір қақ жарылған: бір тарап оларды өндіріс тиімділігінің кепілі десе, енді бір тарап жұмыс орындарына қауіп және этикалық қатер деп қарайды. Дегенмен көптеген елдің саясаткерлері робототехниканы стратегиялық басымдық санап, оны экономикалық бәсеке мен ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қолдап отыр. Мысалы, Қытайдың «Made in China 2025» бастамасы аясында робот жасау – негізгі бағыттың бірі, ал Жапонияда халықтың қартаюына байланысты үкімет роботтарды денсаулық сақтау мен күтім салаларына кеңінен енгізуді қарастырып жатыр. АҚШ пен Еуропа одағы да әскери және өнеркәсіптік роботтар әзірлеуге қомақты гранттар бөліп, тіпті құқықтық тұрғыда автономды жүйелердің жауапкершілік мәселелерін қарастырып келеді.
Әлемдік робот жасауда түрлі мақсаттағы модельдер жарыққа шығуда. Олардың ішінде жұртқа танылған бірнеше әйгілі роботтар бар:
· Atlas (АҚШ) – Boston Dynamics әзірлеген робот, адам сияқты тік жүріп қана қоймай, жүгіріп секіру, артқа сальто жасау сияқты ғаламат қозғалыстарға қабілетті. 2010 жылдары DARPA жобасы ретінде басталған Atlas бүгінде көпшілікке роботтардың мүмкіндігінің шексіз екенін көрсетіп жүр.
· Sophia (Қытай/Гонконг) – Hanson Robotics жасаған әйел бейнесіндегі әлеуметтік гуманоид робот. 2016 жылы іске қосылған София адамдармен әңгімелесіп, бет-әлпеті арқылы эмоциясын білдіре алады. 2017 жылы оған тіпті Сауд Арабиясы символикалық түрде азаматтық беріп, Софияны әлемде заңды тұлға мәртебесін алған алғашқы робот атандырды. Бұл оқиға жасанды интеллектісі бар машиналардың қоғамдағы орны туралы қызу пікірталас туғызды.
· Promobot (Ресей) – қызмет көрсетуге арналған жартылай гуманоид роботтар сериясын шығаратын Пермь қаласындағы стартап. Промоботтың сөйлей алатын, адам келбетіне ұқсас роботтары мұражай, сауда орталығы, банк секілді қоғамдық орындарда ақпараттық кеңесші болып жұмыс істейді. Қызығы, Promobot өнімдерінің 65 пайызы шет елдерге экспортталады (33 мемлекетке), бұл ресейлік компанияға кірісінің басым бөлігін шетелден табуға мүмкіндік беріп отыр.
· Tesla Optimus (АҚШ) – Илон Маск таныстырған адам пішінді робот-прототип. Optimus өндірістік желілерде қарапайым тапсырмаларды орындап, ауыр заттарды көтеріп тасымалдауға бейімделіп жасалған. Қазіргі кезде ол жүру, заттарды тану және жинау бойынша сынақ кезеңінде. Маск оның болашақта зауыттарда және тіпті үй шаруасында еңбек күші тапшылығын жоюға көмектеседі деп болжайды.
· Zerith H1 (Қытай) – 2025 жылы Қытай инженерлері құрастырған әлемдегі алғашқы қонақүй қызметкері-гуманоид. Бұл робот бөлмелерді жинап, қонақтарға қызмет көрсетуге арналған. Zerith H1 шаңсорғыштан бастап төсек жабдықтарын ауыстыру, еден тазалау, жуынатын бөлмелерді дезинфекциялау сияқты сан алуан әрекеттерді атқара алады.
Осындай озық үлгілер аясында ресейлік робототехниканың жағдайы қандай екені және жақында Мәскеудегі сәтсіз көрсетілімнің мәнісі не екені көптің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз.
Ресейлік робот неге құлап қалды?
Мәскеу орталығындағы Technopark алаңында өткен жаңа технологиялар көрмесінде ресейлік алғашқы антропоморфты робот AIDOL-дың таныстырылымы шоу ретінде басталып, күлкілі аяқталды. «Рокки» фильмінің әйгілі «Gonna Fly Now» гимнімен салтанатты түрде сахнаға шығып келе жатқан ақ түсті гуманоид алғашында бірнеше қадам жасап, көрермендерге оң қолын бұлғап амандасты. Алайда сол сәтте-ақ теңселіп барып, кенеттен тепе-теңдігін жоғалтып, құлап қалды. Шара ұйымдастырушылары дереу қара шымылдықты жауып, жиылған журналистер мен қонақтардың көзінше сүрінген роботты жасыруға ұмтылды. Екі ассистент жүгіріп шығып, құлаған машинаны көтеріп, сахнадан алып кетуге тырысып жатты.
Бұл оқиғаның бейнежазбасы мен суреттері әлеуметтік желілерде лезде таралып, қызу талқыға түсті. Шетелдік басылымдар жарыса хабарлап, Ресей технологиясы етбетінен құлағандай мысқылдап, ақпарат таратты. Мәселен, АҚШ-тың Fox Business арнасы бұл оқиғаны «Ресейдің алғашқы AI роботының масқаралы дебюті» деп бағалады. Шетелдік технология шолушысы Ланс Уланофф «Робот әзер жүріп, қол бұлғағаннан артыққа жарамады. Бұл Ресейдің робот жасау тұрғысынан ғана емес, жалпы жасанды интеллект жарысында да қаншалық артта қалғанының көрінісі» деді. Расында, АҚШ-та Tesla-ның Optimus пен Figure сияқты, Бостон Дайнамикстің Atlas сияқты роботтары жүріп қана қоймай, билейді, сальто жасайды, үй жұмыстарын атқарады. «Ал ресейлік роботтың түрі – еш дайындық көрмегені байқалды» дейді сарапшылар. Интернет қолданушылары да бұл жағдайды қалт жібермей, түрлі пародиялар мен мемдер тудырды. «Ресей роботы рингке шықпай жатып нокаутқа түсті» деп келемеждеді.
Қалай десек те, AIDOL-дың құлауы ақпараттық кеңістікте Ресейдің инновациялық имиджіне соққы болып тиді.
Компания не дейді?
AIDOL-ды жасаған «Новая технологическая коалиция» қауымдастығының өкілдері бұл робот әлі сынақ кезеңінде екенін және орын алған жағдайды келесі модельдерді жетілдіруге сабақ деп білетіндерін айтты. Жобаны іске асырған «Айдол» компаниясының бас директоры Владимир Витухин жаңаланған прототипті түрлі ортада сынағандарын, алайда жаңа ортадағы жарықтың жеткіліксіздігі немесе тосын техникалық ақау құлауға себеп болуы мүмкін екенін жеткізді. Витухиннің айтуынша, келесі жолы мұндай қатені болдырмау үшін сенсорлар мен теңгерім жүйесін қайта калибрлеу жұмыстары жүргізілмек. Компания өкілдері сондай-ақ AIDOL роботының мүмкіндіктерін тізбектеді. Оның бойында 19 сервомоторлы мимикалық «бет» бар, сол арқылы 12 түрлі эмоцияны көрсете алады, интернетсіз оффлайн жұмыс істеп, адамдармен диалог құруға қабілетті деп мақтанды. Тіпті бұл роботтың 77 пайыз бөлшектері Ресейде жасалғанын (!), 6 сағатқа дейін автономды істей алатынын айтты. Дегенмен осы техникалық сипаттамалардың бәрі жалғыз құлау фактісінің көлеңкесінде қалып қойды.
AIDOL-дың құлауы көпшіліктің көзінде белгілі бір символдық астарға ие болды. Өйткені бұған дейін Ресей медиасы оны «отандық жасанды интеллектпен жабдықталған тұңғыш робот-гуманоид» деп дәріптеген еді. Алайда алғашқы қадамы сәтсіз шыққан соң, сырт көзге бұл оқиға ресейлік жоғары технологияның бүгіні мен болашағына қатысты күмәнді күшейткендей болды.
Ресейдің робот жасау саласы қай деңгейде?
AIDOL оқиғасы қоғам назарын Ресейдегі робототехника саласының жалпы жағдайына аударды. Расында, Ресей бұл бәсекеде әлемдік көшбасшылардан едәуір кейін келе жатқаны жасырын емес. Мәскеу жылдар бойы қуатты ғылыми мектептерімен мақтанса да, нақты робот өндірісі мен қолдану көрсеткіштері төмен. Мәселен, Ресей өнеркәсібіндегі роботтандыру деңгейі көш ілгері елдермен салыстырғанда әлдеқайда аз. Биылғы дерек бойынша ресейлік өндірістерде әр 10 мың жұмысшыға небәрі 19 роботтан келген (әлемдегі орташа деңгей 10 мың жұмысшыға 162 робот). Ел үкіметі 2025 жылы бұл көрсеткішті 25-30 роботқа жеткіземіз деп мақсат қойған. Бірақ ол да Оңтүстік Корея, Жапония түгіл, әлемдік орташа деңгейден бірнеше есе төмен.
Ресейдің робототехникадағы әлсіздігі – қаржы және ресурстардың жеткіліксіздігі. Ресейдегі ІT-технологияларға, оның ішінде робот жасауға бөлінетін қаражат көлемі АҚШ немесе Қытаймен салыстыруға келмейді. Кейінгі жылдары мемлекет «Цифрлық экономика» ұлттық бағдарламасы аясында робототехниканы дамытуға назар аударғанын мәлімдегенімен, іс жүзінде бұл сала негізінен бірнеше жеке стартаптар мен әскери қорғаныс кәсіпорындарына ғана арқа сүйеп отыр. Білікті маман тапшылығы да өзекті – жоғары оқу орындарында робот техникасы мамандығы ашылғанмен, көптеген түлек шетелге кетуде не басқа табыстырақ салаларға ауысып кетеді.
Ресей қорғаныс-өнеркәсіп кешені робототехниканы әскери мақсатта пайдалану бағытында да қадамдар жасаған. Мысалы, FEDOR (Skybot F-850) атты андроид-робот 2019 жылы халықаралық ғарыш станциясына жіберіліп, біраз уақыт жұмыс істеп қайтты. Алайда оның мүмкіндіктері күткен нәтижені бермеді: салмағы ауыр, адам тәрізді ұзын аяқтары ғарыш жағдайында қажетсіз болып шықты, станция ішінде қозғалу үшін қол тіректерге жармасуды да дұрыс орындай алмады. Тіпті ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин роботты қосу үшін он шақты рет әрекет жасау керегін айтып, ақыры «балғамен бір ұрып көрем бе?» деп әзілдеген. FEDOR жобасының жетекшілері де «робот ғарышта адамды алмастыра алмады, келесі моделіміз адамға ұқсамайтын болады» деп мойындады. Шынында, FEDOR бастапқыда құтқару жұмыстарына арналған деп жарнамаланғанымен, ел есінде оның тапаншамен нысана көздеп, оқ атқан видеосы ғана қалды. Кейіннен Ресей армиясы үшін «Маркер» атты жерүсті жауынгерлік робот платформасы жасалды. Маркер бастапқы сынақтарда автономды түрде жауынгерлік техникаға қарсы оқ жаудырып, нысаналарды өзі анықтай алғаны хабарланған. Тіпті оны 2023 жылы Украинадағы соғыс аймағына да апарып сынады деген ақпарат бар. Алайда ресми мәлімет бойынша бұл жобаны сериялық өндіріске енгізу жүзеге аспады.
Міне, осындай себептерге байланысты Ресей технологияларына қатысты шетелде біршама стереотиптер қалыптасқан. Кеңес дәуірінде әлемге танылған ғарыш техникалары мен қару-жарақ жүйелері болғанымен, робототехникада Ресей айтарлықтай өз орнын ала алмай келеді. Әлемдік нарықта өнеркәсіптік робот десе, жапондық Fanuc немесе швейцариялық ABB атауы ауызға бірінші түседі, қызмет көрсету роботтарында америкалық немесе қытайлық өнімдер үстем. Ресейлік роботтар әзірге сыртқы нарықта көп кездеспейді. Жоғарыда айтылған Promobot секілді бірнеше жекелеген табыстар бар болғанымен, жалпы алғанда, ресейлік роботтардың экспорты аз, өнеркәсіптік робот жүйелері шетелге іс жүзінде сатылмайды деуге болады. Тіпті ТМД көлемінде де қазақстандық немесе өзбекстандық кәсіпорындар жапон не қытай роботтарын сатып алғанды жөн көреді.
Айымгүл Мақсұтқызы