Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:28

Ресей СІМ: Алдымен – келіссөздер, кейін барып атысты тоқтату мәселесі талқыланады

МИД РФ
Фото: Vladimir Pesnya/SNA/IMAGO

Ресей тарапы Украинамен алдымен Стамбулда келіссөз жүргізуді, содан кейін ғана атысты тоқтату туралы сөйлесуді ұсынады. Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова мәлімдеді.

Захарова Ресей президенті Владимир Путиннің 11 мамыр түні жасаған мәлімдемесіне сілтеме жасап, оның "соғыстың түпкі себептері туралы келіссөз бастау" қажеттігін нақты айтқанын атап өтті.

"Тек содан кейін ғана атысты тоқтату тақырыбы қарастырылуы мүмкін", – деді Захарова. Оның сөзін ресейлік ТАСС агенттігі таратты.

Ресей атысты тоқтатуға бірден келіскен жоқ

Путин бұған дейін Украинаға 15 мамырда Стамбулда алдын ала шартсыз тікелей келіссөз өткізуді ұсынған еді. Оның айтуынша, мұндай келіссөздер "қақтығыстың түп-төркінін шешіп, ұзақ мерзімді әрі тарихи бейбітшілік орнатуға" бағытталуы тиіс. Алайда Ресей президенті Украина мен төрт еуропалық ел ұсынған 30 күндік атысты тоқтату бастамасына нақты жауап бермеді.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұған дейін Ресейдің атысты тоқтатуға "кейбір нюанстарды" ескере отырып ғана келісуге дайын екенін мәлімдеген болатын.

Киев пен Еуропа – «алдымен атысты тоқтату» деп талап етіп жатыр

Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеудің бұл ұстанымына қарсы шықты. Ол Ресеймен ешқандай келіссөз жүргізілмейтінін, тек толық, ұзақмерзімді және сенімді атысты тоқтату басталса ғана диалог мүмкін екенін нақты айтты.

"Кісі өлтіруді жалғастырудың еш мәні жоқ. Украина атыстың толық тоқтағанын растамайынша келіссөзге отырмайды", – деді Зеленский.

Париж бен Берлин де Путинді бейбіт шешімнен жалтаруға тырысты деп айыптады. Франция президенті Эммануэль Макрон Путиннің ұсынысын "жеткіліксіз" деп бағалап, бұл нақты әрекет емес, дипломатиялық жауапкершіліктен қашу екенін айтты.

Халықаралық қысым: 12 мамырдан бастап 30 күнге толық тыныштық

11 мамырда Киевте өткен жоғары деңгейдегі кездесуде Украина, Германия, Франция, Ұлыбритания және Польша басшылары Ресейден 12 мамырдан бастап жерде, теңізде және әуеде кемінде 30 күнге атысты сөзсіз тоқтатуды талап етті. Бұған дейін олар АҚШ президенті Дональд Трамппен де кеңескен болатын.

Трамп болса екі тараппен де жұмыс жүргізуді жалғастыратынын, алдағы уақытта соғысты тоқтатуға күш салатынын жеткізді.

Тегтер: