Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:10

Ресей Стамбұлдағы келіссөзде Сумы мен Харьковты басып аламыз деп сес көрсеткен – The Economist

Мединский
Фото: Кирилл Жуков / РИА Новости / Sputnik / Profimedia

Ресей делегациясы Стамбұлдағы Украинамен өткен келіссөздер барысында Сумы және Харьков облыстарын басып алу арқылы қысым жасаған. 

The Economist журналисі Оливер Кэрроллдың жазуынша, бұл деректі оған аты-жөнін атамаған, жағдайдан хабардар адам айтқан. Оның айтуынша, Ресей тарапы соғысты тоқтату тек бір жағдайда мүмкін болатынын – яғни, Ресей аннексиялаған төрт облыстан Украина өз әскерін шығарса ғана келісім болатынын мәлімдеген.

Ресей: «Тағы екі облысты басып аламыз»

Одан бөлек, Мәскеу делегациясы Украинаға егер бұл талап орындалмаса, Ресей әскері Харьков пен Сумы облыстарына басып кіруі мүмкін екенін ашық айтқан. Бұл – Украинаға жасалған тікелей қауіп ретінде бағаланып жатыр.

Кэрролл Ресей делегациясының жетекшісі Владимир Мединскийдің сөзін келтірген. Онда ол:

«Ресей соғысқысы келмейді. Бірақ бір жыл, екі жыл, үш жыл – қанша уақыт қажет болса да, соғысуға дайынбыз. Біз Швециямен 21 жыл соғыстық. Ал сіз қанша жылға дайынсыз?» – деген.

Тағы бір мәлімдемесінде Мединский келіссөз үстелінде отырғандардың өз жақындарын жоғалтып үлгеруі мүмкін екенін айтып, Ресейдің «мәңгілік соғысқа» да дайын екенін меңзеген.

Украина депутаттары да бұл туралы айтқан

Ресейдің Сумы облысын жаулап алу арқылы қорқытуы туралы бұған дейін Украина Жоғарғы Радасының депутаты Алексей Гончаренко да хабарлаған болатын. Алайда келіссөздерден кейін тараптар мұндай сес көрсету жайлы ресми түрде ештеңе айтпады.

Дегенмен, Украина делегациясының жетекшісі Рустем Умеров пен Владимир Мединский кейінірек жақын күндері «1000 адамға 1000 адам» формуласы бойынша әскери тұтқындармен алмасу туралы келісімге келгендерін хабарлады.

Ресей тарапының келіссөз үстелінде мұндай қоқан-лоққы көрсетуі – соғысты саяси жолмен тоқтатуға емес, Украинаға қысым көрсетуге көбірек бағытталғанын көрсетеді. Бұл – әскери қимылдардың жалғасу қаупін арттырып отыр. Халықаралық сарапшылар Ресейдің осы тәсілін саяси шантаж деп бағалаған.