Ресей Сумы қаласына зымыранмен соққы жасады: 10 адам қаза тапты
Сумы қаласына Ресей кеше түнде зымыранмен шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан 10 адам, оның ішінде екі бала қаза тапты, деп хабарлады Украина Ұлттық полициясы.
Сумы қалалық кеңесінің мәліметінше, шабуыл салдарынан тоғыз жасар бала мен 14 жастағы қыз қаза тауып, 51 ересек адам мен 5 бала жараланған.
Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі 400-ден астам адамның қираған үйлердің қирандылары астынан эвакуацияланғанын растады. Көрші алты көпқабатты үйдің терезелері сынып, төрт көлік қираған.
"Сумыдағы тоғыз қабатты ғимаратқа зымыран түсті. Ққазір барлық қажетті қызметтер жұмыс істеп жатыр, құтқару операциясы жүргізілуде, қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтамын", - деп жазды Украина президенті Владимир Зеленский Telegram-арнасында.
Түн ортасынан кейін орыс әскері Сумыға тағы да зымырандық шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан қалада электр жарығы үзілді, деп хабарлады Сумы облысының әскери әкімшілігі.