«Ресей танктері Киевке төрт сағатта жетуі мүмкін еді». Трамп Ресейді мақтады

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің әскери мүмкіндіктерін тағы мақтап, Украинадағы соғыстың алғашқы кезеңінде «дұрыс шешім қабылданғанда» Ресей танктері небәрі төрт сағатта Киевке кіре алатынын айтты.
Бұл туралы ол Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Трамптың айтуынша, ресейлік генералдардың бірі танктерді тас жолмен емес, ауыл шаруашылығы жерлері арқылы жүргізу туралы шешім қабылдаған. Соның салдарынан техника балшыққа батып қалған.
«Мен бұл генералдың кім екенін білмеймін, бірақ Владимирді білемін, ол оны кез келген бұйрық беру құқығынан айырған», – деді АҚШ президенті.
Сондай-ақ, Трамп украин әскерінің Javelin танкке қарсы жүйелерін пайдаланып, шабуылды тойтарғанын еске салды. Оның сөзінше, бұл қаруды жеткізуге оның алғашқы президенттік мерзімінде рұқсат берілген.
«Егер мен болмағанда, сол танктердің бәрі тас жолмен жүріп, төрт сағатта Киевте жетер еді», – дейді Ақүй басшысы.
Путинмен кездесу және аумақ алмасу туралы
Трамп Владимир Путиннің АҚШ-қа сапарын «құрмет белгісі» деп атап, Аляскада өтетін кездесудің басты мақсаты – Украинадағы қақтығысты тоқтату екенін жеткізді. Ол бұл кездесудің келіссөздер тізбегіндегі алғашқысы болатынын және келісім жасау мүмкіндігін анықтайтынын айтты.
АҚШ президенті болашақта Путин мен Украина президенті Владимир Зеленский арасында да кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
«Путин келісімге дайын ба, жоқ па екенін білуге маған екі минут жеткілікті. Кейін бірден Зеленскийге қоңырау шаламын», – деді Трамп.
Ол аумақтық алмасу ықтималдығы жоғары екенін атап өтті. Зеленскийдің Конституция аумақ беруге тыйым салатыны туралы сөзі Трампқа ұнамаған.
Трамп Ресейді «соғыста мықты мемлекет» деп атап, оның Наполеон мен Гитлерді жеңгенін еске салды.
«Олар көптеген соғыстан өтті. Біз сияқты Гитлерді жеңді, Наполеонды да тізе бүктірді», – деді АҚШ президенті.
Болжам бойынша, Трамп 2022 жылы «Восток» әскери тобының командирі болған генерал-полковник Александр Чайко туралы айтқан болуы мүмкін. Ол сол жылдың мамыр айында қызметінен босатылған.
Еске сала кетейік, 2022 жылғы ақпанда Ресей Киевке бірнеше бағыттан танктер мен броньды техникалар колоннасымен кірген. Алайда қала шетінде украин әскерінің қарсылығына тап болып, шығынға ұшырады және ақыры шегінуге мәжбүр болды.