Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:00

Ресей Тергеу комитеті AZAL ұшағының апаты бойынша тергеуді тоқтатты

ұшақ апаты
Фото: Meiramgul Kussainova / Anadolu / picture alliance

AZAL (Azerbaijan Airlines) әуе компаниясының ұшағының апатына қатысты тергеудің тоқтатылғанын Әзербайжанның сыртқы істер министрі Жейхун Байрамов мәлімдеді.

Ресей Тергеу комитеті Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағының апаты бойынша тергеуді тоқтатты. Аталған әуе кемесі Ресей әуе кеңістігінде зақым алып, кейін Қазақстан аумағында апатқа ұшыраған еді. Бұл туралы Әзербайжанның сыртқы істер министрі Жейхун Байрамов хабарлады, оның сөзін әзербайжандық БАҚ келтіреді.

Әзербайжан СІМ басшысының айтуынша, Баку Ресей Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкиннен ресми хат алған. Құжатта тергеудің тоқтатылғаны көрсетілген. Байрамов бұл қадам Әзербайжан тарапында «өте маңызды сұрақтар» туындатып отырғанын атап өтті.

Бұған дейін Қазақстанның Көлік министрлігі 2024 жылы болған Azerbaijan Airlines ұшағының апатына қатысты тергеудің жаңа материалдарын жариялаған еді. Аралық есеп апаттың бір жылдығына орай ұсынылып, бірнеше сараптаманың қорытындыларын қамтыған.

Қазақстандық ведомствоның мәліметінше, әуе кемесіндегі зақымдар комиссияның алдын ала қорытындысына сәйкес,  ұшақ атып түсірлген болуы мүмкін. Алайда құжатта оқтың қай тарапқа тиесілі екенін анықтау мүмкін болмағаны айтылған.

2024 жылғы 25 желтоқсан таңертең Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer E190 жолаушы ұшағы Бакуден Грозныйға бағыт алған. Грозный әуежайына бірнеше сәтсіз қону әрекетінен кейін экипаж Ақтау әуежайына ұшуға шешім қабылдаған. Ұшақ әуежай үстінде екі рет айналып, ұшу-қону жолағы маңында құлап, өрт шыққан.

Бортта 67 адам болған: 62 жолаушы және 5 экипаж мүшесі. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам тірі қалған, олардың ішінде экипаждың екі мүшесі бар.

Апаттан кейін ұшақтың сақталып қалған құйрық бөлігінде және басқа да элементтерінде көптеген тесіктер анықталған. Тірі қалған жолаушылар Грозный аспанында ұшып бара жатқанда жарылысқа ұқсас дыбыстарды естігенін айтқан. Мамандар зақымдану сипаты әуе қорғаныс құралдарының зақымдаушы элементтерінің әсерін көрсетуі мүмкін екенін атап өтті.

Әзербайжан билігі мен әуе компаниясы апаттың себебі сыртқы физикалық және техникалық әсер болғанын мәлімдеген. Бакудегі дереккөздердің хабарлауынша, дрондар белсенді болған кезеңде ұшақ «жер-әуе» зымыранымен зақымдалып, байланыс жүйелері радиоэлектрондық күрес құралдары арқылы істен шығарылған болуы мүмкін.

Апаттан соң жақында Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтен кешірім сұраған. Путин оқиғаның Ресей әуе кеңістігінде, Украина дрондарының шабуылдарын тойтару аясында болғанын айтқан. Алайда Мәскеу апаттың тікелей Ресей әуе қорғаныс жүйесінің әрекеті салдарынан болғанын ресми түрде мойындаған жоқ.

Әзербайжан президенті өз кезегінде ұшақ корпусындағы зақымдар мен жолаушылар алған жарақаттардың сипаты сыртқы әсер фактісін дәлелдейтінін мәлімдеді. Әлиев Ресейден жауапкершілікті мойындауды, кінәлілерді жазалауды және зардап шеккендерге өтемақы төлеуді талап етті. Кейінірек ол Баку нұсқасына сәйкес, әуелі ұшақ радиоэлектрондық күрес құралдары арқылы істен шығарылып, кейін жерден атылған зымыран салдарынан ауыр зақым алғанын нақтылады.

2025 жылғы қазанда Владимир Путин Украина Қарулы күштерінің дрондары Ресей әуе кеңістігіне кіргеннен кейін ұшаққа жақын маңда Ресейдің екі зымыраны жарылғанын мойындады.