Ресей Тергеу комитеті қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты тексеріс бастады
Ресейдің Тергеу комитеті Қазақстанның бұрынғы судьясы Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты ақпаратты тексеруге кірісті. Бұл шешімді комитеттің төрағасы Александр Бастрыкин тапсырған.
Тексеріс ресейлік телеарна эфирінде шыққан сюжеттен кейін басталды. Онда Сайлыбаеваға қатысты қылмыстық істің Германияда қозғалғанын, ал марқұмның енесі мен бұрынғы күйеуінің Мәскеуге қашуы мүмкін екенін айтылған. Осыған байланысты марқұмның ата-анасы Бастрыкинге жүгінген.
Сюжеттегі деректер негізінде РФ Тергеу комитетінің Мәскеу қаласы бойынша органдары процестік тексеріс жүргізіп жатыр.
2024 жылғы маусымда Германияда Айгүл Сайлыбаеваның жоғалып кеткені белгілі болды. Қазақстанның Франкфурт-на-Майн қаласындағы бас консулдығына 5 маусымда Қазақстан азаматтары екі күн бұрын жоғалған қызы бойынша өтініш жасаған.
Кейін марқұмның денесі Бенсхайм қаласының маңынан табылды. Неміс басылымдарының хабарлауынша, мәйіт пластик қапта болған және әйелдің өлім алдында зорлық көргені анықталған. Германия құқық қорғау органдары адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Германия Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, Айгүл Сайлыбаеваның енесі Наталья Донцова күдікті деп танылған. Оған Германия бойынша және бүкіл Еуропа аумағында қамауға алу ордері шығарылған.