Ресей Трамптың өтінішіне қарамастан Украинаға тағы да соққы жасады
Ресей әскері Украинаға дрондар мен зымыран қолдана отырып, кезекті ауқымды шабуыл жасады.
Бұл соққылар Украина қалаларына шабуылды уақытша тоқтату туралы мәлімдемелер аясында тіркелді.
Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері хабарлағандай, Ресей армиясы 30 қаңтарға қараған түні Украина аумағына 111 ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) және бір «Искандер-М» баллистикалық зымыранын ұшырған. Әскери дерекке сәйкес, зымыран нысанаға дәл тиген, ал соққы беруші 25 дронның 15-і нақты нысандарға жеткен. Әуе қорғанысы күштері Ресейдің 80 дронын атып түсірген немесе жолда істен шығарған, дегенмен шабуылдар күндіз де жалғасқан.
Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі Харьков маңында ірі өрт шыққанын хабарлады. Зымыран соққысы азаматтық кәсіпорынға тиесілі қойма ғимаратына тиген. Өрт 5 мың шаршы метрден астам аумақты қамтыған. Оқиға салдарын жоюға саперлер мен 80-нен астам құтқарушы жұмылдырылған.
Бұл шабуыл Украина инфрақұрылымына соққы беруді уақытша тоқтату жөнінде келісімдерге қол жеткізілгені туралы ақпараттар тарағаннан кейін бір тәулік өтпей жатып жасалды.
Бір күн бұрын кешке АҚШ президенті Дональд Трамп қатты суыққа байланысты Мәскеу Украина қалаларына шабуыл жасауды бір аптаға тоқтатуға келіскенін мәлімдеген еді.
«Мен Путиннен Киев пен басқа да қалаларға бір апта бойы оқ атпауын жеке өзім өтіндім. Ол келісті», – деген болатын Ақ үй басшысы.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен энергетикалық инфрақұрылымға соққы беруді уақытша тоқтату жөнінде келісім болғанын растады әрі Трамптың арағайындық әрекеттерін жоғары бағалады. Алайда кейінірек ол Ресеймен тікелей келіссөз де, ресми түрде қол қойылған келісім де болмағанын нақтылады.
Зеленскийдің айтуынша, егер Ресей Украина энергетикасына соққы жасамаса, Киев те жауап қатпайды.
«Менің ойымша, бұл – келіссөздердегі делдал, яғни АҚШ күткен жауап еді», – деп түсіндірді Украина басшысы.
Мәскеуде АҚШ пен Ресей басшылары арасында әңгіме болғаны расталды. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Трамп Владимир Путиннен 1 ақпанға дейін Киевке соққы бермеуді жеке өзі сұраған. Песков бұл өтініш келіссөздер жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында жасалғанын айтты.
Оның сөзінше, Путин америкалық әріптесінің өтінішіне келіскен. Алайда Кремль өкілі әңгіме энергетикалық инфрақұрылымға қатысты «уақытша бітім» жайында ма, әлде барлық шабуылдарды толық тоқтату туралы ма – бұл жайтты нақтылаудан бас тартты.