Ресей түнде Украинаға 100-ден астам дронмен шабуыл жасады
Ресей қарулы күштері түн ішінде Украина аумағына ауқымды әуе шабуылын жасады.
Әртүрлі аймақтарда тұрғын үйлер, өнеркәсіп нысандары мен энергетикалық инфрақұрылым зардап шекті, адам шығыны мен жарақат алғандар бар.
Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері Telegram-арнасында хабарлағандай, 8 ақпанға қараған түні Ресей әскері Украинаға Shahed үлгісіндегі 101 соққы дронын, сондай-ақ «Гербера», «Италмас» және басқа да ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданған. Дрондар Ресей аумағындағы Курск, Орёл, Брянск, Приморско-Ахтарск және Шаталово бағыттарынан ұшырылған.
Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері елдің солтүстік, оңтүстік және шығыс аймақтарында 69 дронды атып түсірген немесе радиоэлектронды құралдар арқылы істен шығарған. Барлығы 13 жерде 32 дронның нысанаға тигені, сондай-ақ бір жерде дрон қалдықтарының құлағаны тіркелген.
Шабуылдар Харьков облысынан бастап Львов облысына дейінгі бірнеше өңірді қамтыған.
Краматорск қаласына таңғы сағат 05:00 шамасында Ресей әскері ФАБ-250 авиациялық бомбасын тастаған. Ол көпқабатты тұрғын үйдің маңында жарылған. Донецк облысының прокуратурасы мәліметінше, 77 жастағы әйел қаза тапқан, ал 40, 46 және 48 жастағы үш ер адам түрлі жарақаттар алған. 11 көпқабатты үй мен бірнеше автокөлікке зақым келген. Аталған дерек бойынша әскери қылмыс белгілерімен сотқа дейінгі тергеу басталған.
Херсон қаласының орталық бөлігі мен Корабельный ауданы атқыланған. Нәтижесінде тұрғын үйлер, дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындары бүлінген. Сегіз әйел жарақат алған, олардың кейбірін құтқарушылар үйінді астынан шығарған. Бесеуі амбулаториялық ем қабылдап жатыр, үшеуі ауруханада емделуде.
Энергетикалық компанияның хабарлауынша, Ресей Нафтогаз компаниясының Полтава облысындағы объектілеріне соққы жасаған. Жабдықтар зақымданғанымен, адам шығыны жоқ. Апаттық қызметтер шабуыл салдарын жоюда. Компанияның мәліметінше, жыл басынан бері Нафтогаз нысандарына жасалған мақсатты шабуылдар саны 19-ға жеткен.
Одесса қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Лысак шабуыл салдарынан өнеркәсіптік нысанның зақымданғанын хабарлады. Жарылыс толқыны діни ғимараттағы терезелерді сындырған. Оның айтуынша, тұрғын үйлерге келген зиян шамалы және жедел түрде қалпына келтірілген, зардап шеккендер жоқ.
Украинаның батысындағы Львов қаласында жарылыстар естілген. Бұл туралы қала мэрі Андрей Садовой Telegram-да жазды. Оның мәліметінше, Львов қауымдастығы аумағында бір ұшқышсыз аппарат залалсыздандырылған. Нысанаға алынған объект маңызды инфрақұрылымға қатысты болған, жараланғандар жоқ.