Ресей үкіметі алғаш рет юаньмен қарыз алмақ
Ресей Федерациясының үкіметі алғаш рет мемлекеттік қарызды қытайлық юаньмен алуға шешім қабылдады. Бұл қадамның басты мақсаты – федералдық бюджеттің тапшылығын жабу.
Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
300-400 миллиард рубль көлеміндегі облигациялар
Ресейдің Қаржы министрлігі юаньмен номинацияланған мемлекеттік облигацияларды ішкі нарықта шығаруды жоспарлап отыр. Жалпы көлемі 300-400 миллиард рубль (шамамен 26-35 миллиард юань) аралығында болмақ.
Құнды қағаздар Мәскеу биржасында орналастырылады және олардың өтеу мерзімі 3 жылдан 10 жылға дейін болады.
Reuters дереккөзіне сүйенсек, жоспар бойынша әрқайсысы 100 миллиард рубльден тұратын 3–4 бөлек шығарылым дайындалуда. Тағы бір дерек бойынша, мәміле желтоқсан айының соңында жүзеге асуы мүмкін.
Инвесторлар ауқымы кеңейеді
Ресей Қаржы министрлігі бұл облигацияларға жеке тұлғалардан бастап банктер мен инвестициялық қорларға дейінгі кең топтағы инвесторларды тартуды көздеп отыр.
Reuters агенттігінің мәліметінше, министрлік потенциалды сатып алушылармен кездесулер өткізіп, жаңа юаньдік құнды қағаздарды таныстырып қойған.
Министрлік өкілі агенттікке берген түсініктемесінде:
«Юаньмен қарыз алу тетігі дайындалды, жақын уақытта ресми түрде жарияланады», — деді.
Мемлекеттік корпорациялар мен экспорттаушылар үшін тиімді
Юаньдік облигациялар арқылы бюджет тапшылығын қытай валютасынан табыс табатын мемлекеттік компаниялар қаржыландыра алады. Қазан айының соңында оларға бос қаржыны қор нарығына, соның ішінде облигацияларға салуға рұқсат берілген еді.
Бүгінде ресейлік кәсіпорындар да юаньмен белсенді қарыз алып жатыр.
Қазіргі таңда юаньмен шығарылған корпоративтік облигациялар көлемі 166,8 миллиард юаньға жеткен.
Бұл құрал ең алдымен экспорттаушылар арасында танымал, себебі олар Батыс капитал нарықтарынан ажыратылғаннан кейін, қаржыландырудың жаңа көзі ретінде Қытай валютасына бет бұрды.
Сарапшылар пікірі
Сарапшылардың пікірінше, Ресейдің юаньмен қарыз алуы — Қытай қаржы жүйесіне тәуелділіктің күшеюін білдіреді. Сонымен қатар, бұл Батыстың санкцияларына қарсы қаржылық бейімделу саясатының бір бөлігі саналады.