Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:41

Ресей, Украина және АҚШ алғашқы үшжақты келіссөз өткізеді

Путин
Фото: РИА Новости

Ресей, АҚШ және Украина өкілдерінен құралған үшжақты жұмыс тобының алғашқы кездесуі 23 қаңтарда Абу-Дабиде өтеді.

Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков 23 қаңтар таңертең өткен телефон брифингінде мәлімдеді.

" Келісім бойынша бүгін, яғни 23 қаңтар, жұма күні Абу-Дабиде қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үшжақты жұмыс тобының алғашқы отырысы өтеді, - деді Юшаков.

Оның мәлімдемесінің аудиожазбасы ТАСС мемлекеттік ақпарат агенттігінің сайтында жарияланған.

Юшаковтың айтуынша, Ресей делегациясы толықтай жасақталған және алдағы сағаттарда Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшып шығады. Делегация құрамына Ресей Қорғаныс министрлігінің басшылық өкілдері кіреді. Делегацияны Ресей Қарулы күштері Бас штабы Бас басқармасының басшысы (2010 жылға дейін — Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасы, ГРУ) адмирал Игорь Костюков басқарады.

23 қаңтарға қараған түні Кремльде жабық есік жағдайында өткен кездесуге АҚШ тарапынан АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф, Ақ үйдің аға кеңесшісі Джош Грюнбаум, сондай-ақ Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер қатысқан.

2017 жылғы қаңтардан 2021 жылғы қаңтарға дейін Трамптың аға кеңесшісі болған Кушнер қазіргі уақытта АҚШ әкімшілігінде ресми қызмет атқармайды. Алайда ол қайын атасына ықпалын сақтап, Ақ үйдің дипломатиялық және саяси бастамаларына қатысып жүр.

Ал Джош Грюнбаум — АҚШ Жалпы қызметтер әкімшілігі жанындағы Федералдық сатып алулар қызметінің комиссары. Ол Трамптың бастамасымен жуырда құрылған «Бейбітшілік кеңесінің» аға кеңесшісі ретінде тағайындалып, бұл келіссөздерге алғаш рет қатысқан.

Кремльдегі кездесуге Ресей тарапынан Владимир Путин мен Юрий Ушаковтан бөлек, РФ президентінің арнайы өкілі, Ресейдің тікелей инвестициялар қорының (РТИҚ) бас директоры Кирилл Дмитриев те қатысқан. Юшаковтың айтуынша, келіссөздер төрт сағаттан астам уақытқа созылып, «өте мазмұнды, конструктивті, барынша ашық әрі сенімге негізделген жағдайда» өткен.

Сондай-ақ Ушаков Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің Давоста өткен байланыстар, соның ішінде Трамптың Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуі туралы алған әсерлерімен бөліскенін айтты.

Бұдан бөлек, Абу-Дабиде экономикалық мәселелер бойынша екіжақты Ресей–АҚШ жұмыс тобы жетекшілерінің – Стив Уиткофф пен Кирилл Дмитриевтің де кездесуі өтетіні хабарланды.