Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:15

Ресей Украинаға дрон-зымыранмен шабуыл жасады

Дрон
Фото: Sofiia Gatilova/REUTERS

Әуе шабуылына тойтарыс беру кезінде F-16 ұшағының ұшқышы қаза тапты.

29 маусымға қараған түні Ресей Украинаға қарсы дрондар мен зымырандар арқылы ауқымды шабуыл жасады. Бұл туралы Украинаның Әуе күштері ресми түрде мәлімдеді.

Шабуылдар Ту-95МС стратегиялық бомбалаушы ұшақтары мен МиГ-31К истребителінен ұшырылған зымырандармен қатар, шабуылдаушы дрондар арқылы да жүзеге асқан. 

Украина Әуе күштері: F-16 ұшағының ұшқышы қаза тапты

Украина Әуе күштерінің дерегінше, әуе шабуылы кезінде 500-ден астам әуе нысанасы тіркелген. Шабуылға тойтарыс беру кезінде F-16 ұшағының 1-сыныпты ұшқышы, подполковник Максим Устименко (1993 ж.т.) қаза тапты.

Ресми мәліметке сәйкес, Устименко жеті зымыранды атып түсірген. Соңғы нысананы жою кезінде ұшақ зақымданған. Ұшқыш ұшақты елді мекеннен алыстатып үлгерген, алайда өзі катапульт жасамаған.

Львов және Смела қалаларында шабуылдар тіркелді

Львов облысының әскери әкімшілігі басшысы Максим Козицкийдің Telegram арнасындағы мәлімдемесіне сәйкес, Ресей Қарулы күштері өңірдегі маңызды инфрақұрылым нысандарына соққы жасаған. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ.

Черкасс облысының әскери әкімшілігі жетекшісі Игорь Табурецтің хабарлауынша, Смела қаласы зымырандық-дрондық ауқымды шабуылға ұшыраған. Шабуыл салдарынан алты адам жарақат алған, оның ішінде бір бала бар.

Алдын ала ақпарат бойынша, үш тоғыз қабатты тұрғын үй зақымдалған. Сонымен қатар, Смела тағам технологиясы техникумының ғимараты айтарлықтай қиратылған.

Украина Әуе күштерінің мәліметінше, дрондар елдің бірнеше бағытында — Тернополь, Чернигов, Полтава, Киев, Днепропетровск, Одесса, Харьков және басқа аймақтарда байқалған.

Тегтер: