Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:20, 26 Мамыр 2025

Ресей Украинаға дрондар мен зымырандар арқылы жойқын соққы жасады

Киев
Фото: Thomas Peter/REUTERS

Ресейдің шабуылынан Украинадағы бірнеше облыс зардап шекті. Запорожье облысының билігі жараланғандар туралы хабарлады. 

Төртінші жыл жалғасып келе жатқан Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды соғысы барысында, 26 мамырға қараған түні Ресей көрші елге тағы бір жаппай соққы берді. Украина аумағында әуе дабылы барлық өңірлерде жарияланды.

Украинаның Әуе күштері Черкассы, Киев және Винница облыстарында Ресейдің стратегиялық авиациясынан ұшырылған зымыран топтары туралы, сондай-ақ көптеген өңірлерде ресейлік шабуылдаушы дрондар туралы хабарлады. Таңертең барлық облыстарда дрондармен шабуыл қаупі жойылғаны жарияланды.

Украинаның бірнеше облысында зардап шеккендер бар.  Днепропетровск облысының әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Лысак Каменское ауданында өрт шыққанын, ал Никополь ауданында «Град» реактивті жүйелері, артиллерия және дрондар қолданылғанын мәлімдеді. «Көпқабатты және жеке тұрғын үйлер, көліктер зақымданған. Адамдар зардап шеккен жоқ», – деп жазды ол Telegram-да. Сондай-ақ, Синельников ауданында да соққылар болған.

Хмельницкий облысының басшысы Сергей Тюрин бұл өңірге қатарынан екінші түн қатарынан Ресейдің аралас шабуылы жасалғанын мәлімдеді. «Алдын ала мәліметтер бойынша, бейбіт тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ. Алайда жеке үйлер мен кәсіпорындар зақымданды», – деді ол.

Запорожье облысының басшысы Иван Федоров Ресей шабуылы салдарынан Запорожье ауданында екі адам жарақат алғанын хабарлады. «Түн ортасынан кейін жау Юрковка ауылына соққы берді. Жеке үйге тура соққы жасалды. Үй толығымен қирады. Жарылыс толқынымен көрші үйлер мен көліктер де зақымданды. 60 жастағы әйел мен 52 жастағы ер адам жарақат алды. Зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетілді», – деді Федоров.

Сондай-ақ, Трамп Ресейдің ең ауқымды әуе шабуылына пікір білдірді. Соңғы екі түнде Ресей Украинаға жаппай шабуылдар жасады. 25 мамырға қараған түні Ресей әскері 300-ге жуық шабуылдаушы дрон және 70-ке жуық түрлі типтегі зымыран қолданды, соның ішінде баллистикалық зымырандар да бар. Reuters агенттігінің бағалауы бойынша, бұл Украинадағы қалаларға жасалған ең ауқымды әуе шабуылы болды. РФ соққылары салдарынан кем дегенде 12 адам қаза тапты.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұл шабуылдан бір күн өткен соң Ресей президенті Владимир Путин туралы пікір білдіріп, оның «ақылынан адасқанын» айтты. «Менің Владимир Путинмен әрдайым жақсы қарым-қатынасым болған, бірақ қазір оған бірдеңе болған. Ол мүлде есінен танып қалған!» – деп жазды Трамп Truth Social желісінде. Америкалық президенттің айтуынша, ол әрқашан Путин бүкіл Украинаны алғысы келеді деп ойлаған. «Бірақ егер ол мұны жасаса, бұл Ресейдің күйреуіне алып келеді», – деді Трамп. Сондай-ақ, ол Мәскеуге қарсы қосымша санкциялар енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.